Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда санитарлық авиация ұшақтар қайта жаңғыртылды

  • AstanaTV
  • 09 сәуір 2014
  • 1086

Солтүстік Қазақстанда медицина саласы дамудың даңғыл жолында. Бұл өңірдің санитарлы авиациясы тікұшақпен жаңартылды. Осының арқасында енді облыс орталығынан ең шалғай жатқан ауылдарға не бары 1 сағаттың ішінде жетуге мүмкіндік бар. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әуе кемесінің тиімділігіне көз жеткізді.

2002 жылы құрастырылған мына тікұшақ Солтүстік Қазақстанның санитарлық авиациясында үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап қызмет етіп келеді. Бір айдың ішінде әуе кемесі көкке 8 рет көтерілді. Жаңашылдықтың арқасында бұқараны әбден мезі еткен маман тапшылығы мәселесі аса сезілмейді. Тікұшақтың тиімді тұстары жетіп артылады. Мәселен, ол ауада 3 сағатқа дейін қалқып жүруге қауқарлы.

Франция елінде жасалған мына «Колибри» тікұшағы сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Мәселен, жаңа біз Петропавлдан 120 шақырым жерде орналасқан Тайынша ауданына бар-жоғы жарты-ақ сағаттың ішінде жеттік. Әуе кемесіне 5 адам сыйады. Ол бір уақытта пилот, дәрігер және 2-3 науқасты тасуға қауқарлы.

Ұшқыш Игорь Демешко әуе кемелерінің тізгінін басқаруда тәжірибесі аз емес, 15 жыл.

Игорь Демешко, ұшқыш:

Күнара ұшып отырамыз. Бәрі де ауа райына байланысты. Кейде, табан астынан жел көтеріліп, тікұшақты шайқайды. Ондайда тізгінді ұстау қиынға соғады, әрине. Бұл тікұшақ 6000 метрге дейін көтеріле алады. Алайда, құдай сақтанғанды сақтайды демекші, біз 150-200 метр биіктікте ғана ұшамыз
.

Науқас Дмитрий Скемскийдің айтуынша, оның дене температурасы соңғы 2 жұмада 38 градустан түспеген. Жергілікті дәрігерлер түрлі амал қолданса да, науқастың жағдайы оңалмапты.

Дмитрий Скемский
:

Соңғы екі күнде дем алуым қиындады. Денем әбден әлсіреп кетті. Тамақты да дені дұрыс іше алмаймын. 20 жыл шылым тартып келемін, бәлкім денсаулығымның сыр бергені содан шығар.

Солтүстік Қазақстан облысында айналдырған 3-ақ пульмонолог-дәрігер бар. Тікұшақтың арқасында тәжірибелі маман науқасқа тез арада көмек көрсетті.

Елена Казиева
, пульмонолог-дәрігер:

Науқастың дене температурасы арасында 40 градусқа дейін көтеріліп отырады. Оған орта санаттағы пневмония деген диагноз қойдық. Қазір тиісті амал қолданып, жергілікті дәрігерлерге арнайы препараттармен емдеуді тапсырамын. Кейін жағдайын бақылап отырамыз.

Санитарлық авиация көмекке мұқтаж адамдардың бәріне бірдей бара бермейді. Тек облыстың шеткері аудандарына ғана бет алуға рұқсат. Өңірдегі жалғыз тікұшақпен күніне 20 дәрігер қатынай алады.

Дина Әшімова, Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Тікұшақтың бір рет ұшуына 80 мың теңге кетеді. Биыл республикалық қазынадан жалғыз "Колибри"-дің өзіне 17 млн теңге бөлінді. Бұл 218 сағатқа жетеді. Осы уақытқа дейін тікұшақтың арқасында дер кезінде 3 ота жасалып, 5 маңызды кеңес берілді.

Санитарлық авиация "Колибри"-ге дейін Ан-72 ұшағымен қатынап жүрген еді. Алайда, ол әрдайым ыңғайсыздық туғызатын, - дейді дәрігерлер. Ұшақ арнайы қону жолағын қажет етіпті. Ал жуырда ған пайдалануға берілген мына тікұшақ кез келген жерге қонатын көлік.

Абзал ҚҰРМАНКИН