Ақтөбеде адам өліміне әкеп соққан емханадағы жағдайға қатысты Денсаулық
сақтау министрлігі тексеру жүргізбек. Дәрігер қабылдауында болып, бірдей ем
қабылдаған 3 әйел аяқ астынан көз жұмады. Тағы біреуі ауыр халде жансақтау
бөліміне жеткізілген. Олар қаладағы 3-ші емханада көктамырға тамшылату әдісімен
дәрі қабылдаған.
Аурухана кереуетіне танылған Галина Безродных бұрын дәл осылай ауырмағанын
айтады. Қан қысымы көтерілген соң 3-емхананың дәрігеріне қаралыпты. Күндізгі
стационарда тамыр арқылы дәрі қабылдаған. Үйіне оралған соң жағдайы ауырлап,
жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болыпты.
Галина Безродных, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Ағзаға емдік препарат жағымсыз әсер етті деп ойлаймын. Қан қысымы күрт
төмендеп аурухананың жансақтау бөліміне жеткізді. Одан арғысы есімде жоқ.
Осындағы дәрігерлердің арқасында аман қалдым.
Ол өзі қабылдаған австриялық актовегин препаратынан күдіктенеді. Медицина
мекемелерінде кеңінен таратылған бұл дәріні Ақтөбеге орталықтандырылған
фармкомпания жеткізіп отырады. Қазір аталған емханада актовегин дәрісін
пайдалану уақытша тоқтатылды. Дәрігерлер тексеру қорытындысын күтіп отыр.
Дегенмен ақ халаттылар бұл дәрінің ешқандай қаупі жоқ дейді. Айтуларынша, көз
жұмған адамдардан бөлек, тағы 22 емделушіге сол күндері аталған дәрімен ем
жасалған.
Жәнібек Нармұхамедов, Ақтөбе қалалық №3 емханасының бас дәрігері:
Тек қана біз емес. Мына республика бойынша бәрі де қолданады. Өйткені
министрліктің бекіткен бұйрығында протоколдар бар ғой, емдеу стандарттары деген, соның ішінде кейбір аурулардың стандарттарында актовегин колданылады. Сондықтан
біз оны қолдандық та, көптен бері қолданып келеміз.
Емхана қызметкерлері сақтықта қорлық жоқ деп, күдік тудырған дәріні салған
басқа да емделушелердің денсаулығын бақылауға алды. Ал оқыс оқиғаның мән жайын
анықтауға тиісті мамандар кірісіп кетті.
Рақымжан Арыстанов, Ақтөбе облыстық медициналық және фармацевтикалық
қызметті бақылау департаментінің жетекшісі:
Денсаулық сақтау министрлігі мен прокуратура тергеу жұмыстарын жүргізу
туралы нұсқау берді. Тексеру қорытындысы сәуір айының соңында немесе мамыр
айының алғашқы жұлдыздарында белгілі болады.
Медицина қызметкерлері түрлі дәрі-дәрмекті жөн-жосықсыз, араластыра
пайдалану да адам өмірін қысқартуға себеп болуы мүмкін дейді. Соңғы уақыттары
халық арасында кеңінен таралған биологиялық белсенді қоспалардың жағымсыз әсері
болатынын да жоққа шығармайды.
Мансұр ЕСҚОЖИН