Русский Сайттың толық нұсқасы

326 мың еңбекке қабілетті мүгедек жанның 18 пайызы жұмыспен қамтылған

  • AstanaTV
  • 09 сәуір 2014
  • 1435

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылу мәселесі өзекті күйінде. 1 және 2 топтағы мүгедектердің мемлекеттік қызмет түгілі, мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысына араласуына кедергілер көп. Толығырақ тілішіміз Азамат Алдоңғаровтың бейнематериалында.

Қазақстанда 600 мыңнан астам кемтар жандар өмір сүруде. Бұл ресми түрде мүгедектік тобын алғандар. Ал әлеуметтік жағынан қамтылмағандар санының қанша екенін дөп басып айту қиын. Осы топтың күнкөріске жетерлік нәпақа табу мүмкіндігінің болмауы бүгінде өзекті күйінде қалып отыр. 3-ші топтағылар жеңіл-желпі жұмыстарға жарағанымен, сырқаты ауырларға тым қиын. "Ал жеке кәсіпті дөңгелетуге қол қысқа", - дейді Әлима Бейсенбаева.

Мүгедек жандардың жеке кәсібін қаржыландыруға банктер де несие беруге құлықсыз. Бұл мәселе бүгін «Нұр Отан» партиясында өткен жиында көтерілді. Ал мемлекеттің үйлестірген зейнетақысы емнен аспайтын көрінеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жарымжан жандарды жұмыспен қамту жаппай жүріп жатыр деп сендірді. Мысал ретінде өз тәжірибелерін алға тартты.

Жекелеген жұмыс орындарында мүгедек жандарды жылы қарсы алғанымен, жаппай құшақ жайып отырған мекемелер сирек дейді біздің арнаға мұңын жеткізген Гүлнар есімді азаматша. Ол өзінің мемлекеттен алатын зейнатақысынан бөлек нәпақасын осы қоғамдық бірлестіктен тауып отыр.

Гүлнардан бөлек аталмыш ұйымда 6 жарымжан адам жұмыс істейді. Олардың жалақысы 30 мыңнан асады. Дегенмен бұл аз. Екі қолға бір күрек таппай, мемлекеттің көмегіне қарап отырғандардың қарасы мол. Басты қиындық қоғам мүшелерінің оларды мүмкіндігі шектеулі деп емес, мүлдем икемсіз, ештеңеге қабілетсіз деп қабылдауында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, 326 мың еңбекке қабілетті мүгедек жанның 18 пайызы жұмыспен қамтылған. Нақтырақ айтсақ, бұл 2387 азамат. Алайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өз айтуынша, көп жағдайда жоғары көрсеткішке жеткізу жолында көзбояушылық орын алатын көрінеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ