Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда мұнай қалдықтарын төгіп, табиғатқа орны толмас зиян келтірген компания үстінен қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2014
  • 1246

Батыс Қазақстан облысында мұнай қалдықтарын төгіп, табиғатқа орны толмас зиян келтірген «МұнайАвтоТранс» компаниясының үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Зеленов ауданы прокурорларының дерегіне сенсек, кен орнындағы бұрғылау қалдықтарын Ақтөбе мен Атырау облыстарындағы полигондарға тасымалдаумен айналысатын компания, мұнай қалдықтарын көзден таса жерге төгіп келген. Осылайша, бір жылдың ішінде Зеленов ауданына қарасты Рубежин және Дариян ауылдарының маңына 2 мың тоннадан астам мұнай қалдықтары төгіліпті. Жұмыртқадан жүн қырыққан кәсіпкер 135 миллион теңге үнемдеп, пайда көрген.

Ал қоршаған ортаға 912 млн теңгеге шығын келген. Қазір кінәлі тұлғадан шығынды өндіріп алу туралы талап-арыз беріліп, іс сотқа жолданды.

Зәкәрия Саралеев, Зеленов ауданының прокуроры:

Төгілген мұнай қалдықтары топырақ қабатына сіңбей, жер бетінде тұрады. Ол жерге ештеме де өспейді. Ал жаңбыр суымен шайылып кеткен жағдайда, бұрынғысынан да көлемді аумаққа жайылады. Сондықтан, кінәлі компаниядан тек келген шығынды өндіріп алмай, бүлінген жер қыртысын қайта қалпына келтіруін де міндеттеп отырмыз.

Еркін ҚАРИН