Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы көтерме сауда орнында болған өртке кінәлі тұлғалар жазасын алды

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2014
  • 1153

Өткен күзде Алматыдағы көтерме сауда орнында болған өртке кінәлі тұлғалар жазасын алды. Жетісу аудандық соты «Құлагер» базарының директоры мен «Олжа» базарында дәнекерлеуші болып жұмыс істеген азаматқа қатысты үкім шығарды.

Базар басшысы Мұсағали Алдабергеновтың "сауда орнындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені" үшін 4 жылға бас бостандығы шектелді. Ал дәнекерлеуші Жанат Қайранов "рұқсатсыз жұмыс жүргізгені" үшін 3 жылға сотталды. Күдіктілер түрмеге қамалған жоқ. Олар осы мерзім аралығында құқық қорғау органдарының жіті бақылауында болады.

Осы іс бойынша «Аян» базарының директоры да айыпталған. Закир Ма-Ван-Цханның ісін Қаржы полициясы тергеп жатыр. Кінәсі дәлелденсе, "өртті сөндіруге кеткен шығын осы азаматтан өндірілуі мүмкін", - дейді мемлекеттік айыптаушылар. Сондай-ақ "материалдық шығын өндіруге арыз берген 13 саудагер азаматтық тәртіп бойынша жеке-жеке шағым беруі қажет" деген шешім шығарылды.

Естеріңізге салайық, жүздеген адамның дүние-мүлкі күлге айналған ірі өрт былтыр 13 қыркүйекте орын алған.

Саудагер:

Бізге сараптама қорытындысын күтеміз деп, берген шағымды қарамады. Яғни шығынды өндіру туралы. Жұмыс орнынан айырылдық, бала-шағамыздың табысынан айырылдық. Сондықтан алдағы уақытта қайтадан шағымданамыз.

Қайырболат Егеубаев, Ж. Қайрановтың қорғаушысы:

Біз алдында да айтқанбыз - бұл өрт бойынша қылмысты жартылай мойындаймыз. Ал өзге айыптармен келіспейміз. Негізі бұл қылмыс бойыншы ауыр жаза кесілді деп ойлаймын. Бірақ қамауға алынған жоқ. Оған құдайға шүкір дейміз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ