Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-да 60 млн теңгеге тұрғызылған бөгет тасқынға төтеп бере алмады

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2014
  • 2364

Оңтүстік Қазақстан облысында 60 млн теңгеге тұрғызылған бөгет бір тасқынға төтеп бере алмады. Салдарынан Бәйдібек ауданына қарасты Қаратас пен Ақжар ауылдарына өзен суы жақындап қалған. Ауыл азаматтары кінәрат бөгеттердің сапасында болуы мүмкін деп топшылайды.

Тілләбек Өзбек, Бәйдібек ауданы Қаратас ауылының биі:

Мен оның жобасын, басқасын көрген жоқпын, көңілден шықпайды. Шамалы ғана жері бетондалды да, басқа жері әшейін тас пен топырақ үйілген. Оны шайып кетті. Міне, көріп тұрсыздар, өзен деңгейі тағы көтерілген. Ауылға тағы қауіп төніп отыр. 

Ұзындығы мың шақырым болатын бөгет Қаратас ауылының тұсына өткен жылы тұрғызылған. Көктем келсе арнасынан асатын Боралдай өзенін ауыздықтау үшін ауыл тұрғындары аймақ басшыларына айтып жүріп, бұл нысанға әзер қол жеткізген. Асау өзеннің арнасын бұрып салған үш бөгет ерте көктемде тасқынға төтеп бере алмапты. Секундына 250 текше метрге жеткен ағыс бөгетті үш жерінен жарып кеткен.

Енді ауыл азаматтары жауын-шашынның көп түспеуін тілеп жүр. Өйткені бұзылған бөгеттерден қайран жоқ. Әзірше опырылып қалған бөгет топырақпен бекітілген. Қауіп аз да болса сейілді. Алайда Қаратастықтар егін салуға су таппай отыр. Өйткені топырақ ауылға кіретін арық-атыздарды бітеп тастаған.

Мұқтар Қаратаев, Бәйдібек ауданы Боралдай ауылдық округінің әкімі:

Жалпы Боралдайды, менің өзім ойым, смета жасағанда, ол тас пен топырақтың сапасы шыдас бермейді. Цементтерінің де жарылған жері бар. Мен енді сапасы жоқ деп айтпаймын. Тиісті мекемелерге хабар берілді. Мердігер «Ақбосаға» су тартылғаннан соң қалпына келтіреді деп бізге уәдесін беріп отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ