Сыртқы істер министрлігіне Ресей елшісі шақыртылды. Михаил
Бочарниковтен Хакасия республикасы Жоғарғы кеңесі төрағасының мәлімдемесіне
орай түсініктеме талап етілмек. Ресей Федерациясының құрамындағы субъекттің
лауазымды өкілі жуырда Қазақстанға қатысты ретсіз мәлімдеме жасаған, атап
айтқанда Владимир Штыгашев Шығыс Қазақстан облысын иемденуге Ресейдің құқы бар
деген мазмұнда мәлімдеме таратқан.
"Хакасия Жоғарғы кеңесінің төрағасы нені
меңзеді? Ресей елшісіне осы сауал қойылады", - деді Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов.
Нұржан Айтмаханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз
хатшысы:
Жағдайға түсініктеме алу үшін ҚР Сыртқы істер министрлігіне
Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі Михаил Бочарников арнайы шақыртылды.
Ресейдің ресми билігі Штыгашевтің айтқан сөздеріне нақты түсініктеме береді деп
ойлаймыз. Біз сондай-ақ Хакасия республикасы атынан Штыгашевтің сөзін дәл
мағынасында жеткізе алмаған БАҚ кінәлі деп түсініктеме берген шенеуніктің де
сөзіне мән беріп отырмыз. Дегенмен орын алған жағдайға байланысты бұл
түсініктемелер жеткіліксіз, әрі қанағантанарлықтай деңгейде емес.
Министрлік өкілінің айтуынша, Хакасия кеңесі
төрағасының мәлімдемесі Қазақстан мен Ресей арасындағы 2005 жылы бекітілген "Мемлекеттік
шекара туралы" келісімге қайшы. Құжатқа сәйкес 2006 жылы 12 қаңтарда
екі ел арасындағы шекара сызығы заңды негізде бекітілген.
Еске саламыз,
ресейлік бірқатар БАҚ өкілдері Хакасия республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы
Владимир Штыгашевтің айтқан сөздеріне түрлі мағынада түсініктеме берген. Ол өз
сөзінде Қазақстанның жер аумағы аса үлкен болмағанын, сондықтан бес облысты
Ресей бергенін мәлімдеген. Шығыс Қазақстан облысы үшін жанталасқан шенеуніктің
сөзі көп ұзамай жоққа шығарылды. Штыгашевтің орынбасары Олег Николаев
журналистер сөзді бұрмалады деп ақталды.
Сымбат
МОЛДАТАЙ