Русский Сайттың толық нұсқасы

«Локомотив» қоғамы темір жолдағы апаттар көрсеткішін төмендету жұмысын күшейтуге кірісті

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2014
  • 1140

«Қазақстан темір жолына» қарасты «Локомотив» акционерлік қоғамы темір жолдағы апаттар көрсеткішін төмендету жұмысын күшейтуге кірісті. Бұл жерде алдын алудың жаңа тәсілдеріне басымдық берілмек.Теміржолшылар бұған дейін түсіндіру шараларын мектептерде өткізіп келген. Енді дәрістер авто-оқыту комбинаттарында ұйымдастырылады. Мамандар көлік пен пойыз соқтығысуының ауыр зардаптары жайлы әңгіме болашақ жүргізушілерді жауапкершілікке шақырар деген үмітте. 

Темір жол бағыттарынан өту ережесін кез келген автомектеп тыңдаушылары оқиды. Алайда «Локомотив» АҚ қызметкерлерінің мұндай дәріске арнайы қатысуы алғаш рет. Теміржолшылар жыл санап көлік пен пойыз қақтығысының артып бара жатқандығын алға тартты. Барлық өткелдерге ескерту белгілері орнатылған. Өкінішке орай, жүргізушілер көп жағдайда оны елемейді. Мамандарды алаңдатып отырған да осы мәселе.

Иван Костыря, «Локомотив» АҚ вице-президенті:

Дабылқаққыштар пойыз өткелге бір жарым шақырымдай қалғанда іске қосылады. Яғни бұл жүруге тыйым салыну дегенді білдіреді. Сағатына 60 км-мен жүйткіп келе жатқан машина үшін бұл небары 1 жарым минут. Әрине, бір жарым минутта өтуге де болады. Бірақ өмірмен қош айтысуы да ғажап емес.

Вице-президенттің айтуынша, жүрдек пойыздар жүретін әрбір өткел қазірде күзетіледі. Тек бұл шара апаттардың алдын алуға аздық етеді. Асығыстық, жауапкершіліктің аздығы салдарынан бүгінде теміржол саласы миллиондаған шығынға батуда. Алайда басты шығын адам өмірі.

Марат Шәкенов, «Локомотив» АҚ Атқарушы директоры:

Әр мекемелерде және мектептерде балалармен және біздің жол бойындағы бөлімшелерде осындай шаралар қолданып жатырмыз. Халықтың бәрін ескертіп, осындай жағдайға тап болмайтындай.

Жыл басынан бері ел аумағында автокөліктердің поезға соқтығысу оқиғасы 3 рет тіркелген. Осыны тілге тиек еткен теміржолшылар автомектеп тыңдаушыларына мәселеге мән беру қажеттігін ескертті. "Тізгінді қолға алмас бұрын жүргізуші алдымен өз қауіпсіздігін ойласа игі",- дейді мамандар.

Рашида Валиева, автооқыту комбинатының курсанты:

Темір жол саласы өкілдері жағдайды айтқан кезде, бірден ойланасың. Шынымен де, қауіпсіздік ережесіне мән бере бастайды екенсің. Біліп жүргенің, қаруланғаның ғой.

Көлік иелерімен өткізілген түсіндіру жұмыстары әзірге Астананы ғана қамтыды. Алайда «Локомотив» АҚ қызметкерлері алдағы уақытта жұмысты барлық өңірде бастауды жоспарлап отыр. Өйткені адам өмірін сақтап қалу компанияның басты мақсаты.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Жанар БАРЛЫБАЕВА