Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық Марина Галяс қазақша сөйлеуден көптеген қаракөздерді жаңылдырады

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2014
  • 901

Тіл білген тілегіне жетеді. Ұлты басқа болса да, жаны қазақ қарағандылық Марина Галяс қазақша сөйлеуден көптеген қаракөздерді жаңылдырады. Депутаттық мандатты абыроймен алып жүрген тіл маманы бүгінде стадионнан хабар таратушы болып жұмыс атқарады. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Қарағандылық жанкүйерлерге Маринаның даусы жақсы таныс. Жеті жылдан бері ол «Шахтер» футбол клубының кездесулерін мәнерлеп жеткізуді меңгерген. Еңбек жолын балалардың аула клубтарында әдіскер болып бастады. Кейіннен спортшылар мен жанкүйерлер оның тілге жүйріктігін байқаған.

Арайжан Мақажанов, «Шахтер» футбол клубының аға әкімшісі:

Ол Қарағандыдағы ең үздік диктор. Кездесулерді Марина хабарлайтын кезде біз әрдайым жеңіске жетеміз. Ол біздің тұмарымыз.

Марина Ұлытау ауданының тумасы. Қазақ тілін туған жерінде үйренген. "Жастайынан түрлі ұлт өкілдерінің балаларымен қатар өскендіктен, сол елдердің болмысымен, тұрмысымен таныстым",- дейді ол.

Марина Галяс, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

Тілді білу Қазақстан азаматының міндеті.

Маринаның өмірлік ұраны - "әрдайым ортақ іске жұмылған жұдырықтай атсалысу". Бүгінде ол депутаттық қызметі аясында қоғамның назарын тіл мәселесіне және жастар тәрбиесіне аударып жүр. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының қосар үлесі зор дейді.

Марина Галяс, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

Жастар қазір қазақша аз сөйлейді. Тіл үйретуді тереңдету керек. Алдымен балабақшада, кейін мектеп, сонан соң жоғарғы оқу орнында оқыту керек деген ұсыныс жасар едім.

Алмаз Амери, «Шахтер» футбол клубының балалар және жасөспірімдер ісі бойынша әдіскері:

Маринамен жұмыс жасаудың өзі бір ғанибет. Ол жақсы дос, адал әріптес. Ол менімен өзімнің ана тілімде сөйлескеніне қуанамын. Ұлттық дәстүрді жақсы біледі. Жаңа жобаларды бастауыма көмектесіп жүр. Адамдармен қарым-қатынасы ерекше.

Қазіргі таңда Марина Галяс ағылшын тілін меңгеруде. Сүйікті «Шахтер» командасы халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүр. Комментаторлық қызметімнің арқасында үш тұғырлы тіл бағдарламасынан да шет қалмайтын болдым деп әзілдейді ол.

Жұрағат БАМАН