Русский Сайттың толық нұсқасы

SCAT әуе компаниясының ұжымы компанияны жабу туралы сенатордың ұсынысына наразы

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2014
  • 912

SCAT компаниясына ұрымтыл шабуыл жасалуда. Әуе компанияның вице-президенті Дәулет Хамзин журналистерге дәл осындай пікірін айтты. Оның ойынша, соңғы кезде орын алған жағдайлар - SCAT компаниясын нарықтан тықсыру үшін жасалып жатқан шабуыл.

Компания жетекшісі Премьер-министр Кәрім Мәсімовқа сенатор Жабал Ерғалиевтің жолдаған ұсынысын да жауапсыз қалдырмады. Ұшақтың апатты жағдайда қонуына байланысты SCAT компаниясын жабу туралы сенатордың жуырда жасаған ұсынысын Дәулет Хамзин заңға қайшы жасалған іс-әрекет деді. Оның айтуынша, әуе компаниясының ұжымы бұл ұсынысқа наразы.

Ал апатты қону кезінде ұшақ экипажы жоғары кәсібилігін көрсетті дейді. Алдыңғы шассиден ақаудың шығуы да, Дәулет Хамзиннің ойынша, авиация тарихында жиі кездесе беретін оқиға. 

Дәулет Хамзин, SCAT әуе компаниясының вице-президенті:

Біздің ойымызша, ұшақтарға қатысты PR-акция алдын-ала жоспарланған. Еліміздің туристерін Түркияға тасымалдау үшін, яғни түрік әуе компанияларына нарықта орын тауып беру үшін осындай қадам жасалуда. Сондықтан мен бұл оқиғаны SCAT компаниясына қарсы жасалған шабуыл деп ойлаймын. Шетел компанияларының мүддесін көздейтін лобби. Ал сенатор Жабал Ерғалиевтің ұсынысына біздің ұжым наразы. Мұндай беделді азаматтың заңға қайшы мәлімдеме жасағаны өкінішті. Өйткені компания жұмысы нақты дәлелденген заң бұзушылық кезінде ғана тоқтатылуы мүмкін.

Сымбат МОЛДАТАЙ