Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресейлік «Газпром» «Қырғызгаз» акцияларының 100 пайызын 1 долларға сатып алды

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2014
  • 1195

Ресейлік «Газпром» «Қырғызгаз» акцияларының 100 пайызын 1 долларға сатып алды. Келісім Бішкектегі «Ала-Арша» мемлекеттік резиденциясында кеше жасалды. «Газпромның» басқарма басшысы Алексей Миллер мен «Қырғызгаздың» бас директоры Тұрғынбек Құлмырзаев тиісті құжатқа қол қойды. 

Бұл мүлік үшін ресейлік компания бар болғаны 1 доллар төледі. "Есесіне Ресей «Қырғызгаздың» 40 миллион доллар қарызын төлеп, Қырғызстанның газ инфрақұрылымын жаңартуға 20 миллиард рубль бөлуге сөз берді",  - деп Интерфакс хабарлады. "Газпром" басшысы бұл келісімді «тарихи оқиға» деп бағалады. "Қырғызгаз" енді «Газпром-Қырғызстан» деп аталмақ. 

Миллердің айтуынша, су жаңа мекеменің басты міндеті - «Қырғызстан өндірісі мен ел-жұртын үздіксіз газбен қамтамасыз ету». Сондай-ақ осы келісімнен соң газ бағасының арзандайтынын жеткізді. Шетте жатқан аймақтарды көгілдір отынмен қамту мәселесі де сөз болды. 

Еске салайық, 2013 жылы Мәскеуде екі елдің энергетика министрлері ынтымақтастық келісіміне қол қойған. Құжат ұлттық парламенттермен бекітіліп, 2014 жылдың 17 ақпанында күшіне енді.

Сымбат МОЛДАТАЙ