Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараздағы «Талас толқыны» спорттық би клубы жабылады

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2014
  • 1164

Тараздағы «Талас толқыны» спорттық би клубы жабылады. Әулиеатадағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жалғыз спорттық би клубының болашағы бұған дейін әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен болатын. Ақыры жабылатыны жөнінде Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Айтуынша, 16 жасқа дейінгі балаларды биге баулитын спорттық клубтың жұмысы - атына заты сай емес. Осыдан 4 жыл бұрын ашылған кәсіби клуб Халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлауға тиісті болғанымен, әлі күнге өз жемісін бермепті. Яғни 187 бала жаттығатын залдан тек бір ғана спорт шебері шыққан. Ал бірде бір спортшы Қазақстан Ұлттық құрамасы қатарына да енбепті.

Оның үстіне 15 адам жұмыс істейтін ұжымда бар болғаны 3 жаттықтырушы бар. Қалғаны әкімшілік қызметтегілер екен. Сондықтан жергілікті билік еш нәтиже болмағандықтан, аталмыш спорт мектебіне қаржы бөлуді ысырапшылдық деп тапқан. 

Гамлет Қайнарбеков, Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

«Талас толқыны» спорттық би клубык коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ол заңды тұлға ретінде қысқарғанымен, ондағы спортшылар, жаттытырушылардың бәрі қысқармайды. Солардың бәрі балалар жасөспірімдер мектебіне ауыстырылады. Ешқандай бұл жерде проблема жоқ.

Би клубы енді облыстық №3 олимпияда жеткіншектерін даярлайтын спорт мектебінің бөлімі болып қалады. Ал «клуб ретіндегі күшін жою, жабу туралы» Жамбыл облысы әкімінің қаулысы 3 сәуір күні шыққан. Бұл шешіммен аталмыш клубтың директоры келіспейді. Қазір спорттық клубтың болашағымен басы қатқан басшы Астанада жүр. 

Дәкен Төребекова, «Талас толқыны» спорттық би клубының директоры:

Мені 8 күні шешімімен таныстырды. Ол шешім 3 күні шығыпты. Біз оны білмейміз. Бізге оны айтпайды. Енді шешімі шыққаннан кейін оның негізін айтқан жоқ. Алдын ала ешкімге ескерткен жоқ. Төбемізден жай түскендей болды. Сонымен мен енді арғы жағына не деп комментарий айту керектігін білмеймін.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ