Бостондық терактіге қатысы бар
деген айыппен қамауда отырған Джохар Царнаев Диас Қадырбаевпен бірге
Қазақстанда Starbucks кофеханаларының желісін ашуды жоспарлапты. Бұндай
ақпаратты бүгін «Тенгриньюс» сайты «ABC newsradio»-ға сілтеме жасап хабарлады.
Қадырбаев жарылыстан кейін
Федералды тергеу бюросына берген түсініктемесінде де қайғылы оқиғаға дейін кіші
Царнаевпен бірігіп бизнес ашу жайын талқылағандарын айтқан.
Еске салайық, 2013 жылы Бостон
марафонында болған жарылыстан 3 адам қаза тауып, 260 адам жарақаттанды. Жарылысты ұйымдастырған
Тамерлан Царнаев полициямен қарулы қақтығыс кезінде қаза тапты. Ал оның інісі
Джохар Царнаев қамауға алынды. Тергеушілер айғақтарды іздеу барысында
қазақстандық студенттер Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовты қамауға алды. Оларға
айғақтарды қасақана құртып жібергені үшін айып тағылды.
Бүгін еліміздің Сыртқы істер
министрлігі Америка абақтысындағы студенттердің ахуалы туралы хабар таратты. «Олардың
жағдайы бірқалыпты, ата-аналарына виза алуға көмек көрсетілді», - делінген ресми хабарламада.
Ал АҚШ соты Тәжаяқов пен
Қадырбаевтың ісін екі бөлек қарағалы жатыр. Бұдан бұрын
хабарланғандай, қазақстандық студенттерге қатысты сот отырысы 30 маусымға және
8 қыркүйекке белгіленді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ