Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның Қарулы күштері қатары бірнеше жоғары шендіге толықты

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2016
  • 2381

Қазақстанның Қарулы күштері қатары бір вице-адмирал, екі генерал-лейтенант және 12 генерал-майорға толықты. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Президент оларға жоғарғы әскери шенді өз қолымен табыстады. Бейбіт күнде ерлік жасаған батырлар да мемлекеттік наградаларға ие болды. Оның ішінде 5 адамды өрттен құтқарған қостанайлық сержант пен доңғалақсыз ұшақты аман-есен қондырған борт командирі Дмитрий Родин де бар. Ақордада өткен марапаттау салтанатынан Мөлдір Бақытқызы баяндайды.

Бұл Жоғарғы бас қолбасшыны тағатсыздана күтіп тұрған бүгінгінің батырлары. Бірі жанқиярлықпен адам өмірін ажалдан арашалап қалса, енді бірі талай жыл қорғаныс күштеріне адал қызмет еткен. Еңбектері еленіп, мемлекеттік наградаға ұсынылып жатыр. Ал оң қанатта еліміздің жоғары шенді лауазымды тұлғалары сап түзеген. Барлығы  Президенттің құттықтауына құлақ түрді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баһадүр бабаларымыздың ерліктерін қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Еліміздің тұтастығын қорғау - Отан күзетіндегі әрбір азаматтың қастерлі парызы. Елдің тыныштығын, тұрақтылығын  сақтау - бәріміздің қасиетті борышымыз. Берекеміз бен бірлігіміздің арқасында аспанымыз ашық, заманымыз тыныш.

Ең жоғарғы мемлекеттік награда "Халық қаһарманы" өз иесін тапты. Ол - алдыңғы доңғалағы ашылмай қалған ұшақты сәтті қондырған "Бек Эйрдің" борт командирі Дмитрий Родин. Бұл азаматтық авиация ұшқышының жоғары марапатқа алғаш ие болуы. Борттағы 121 адамның өмірін сақтап қалған командирді халық осы атаққа бірден ұсынған-ды. 

Дмитрий Родин, BC FOKKER-100 әуе кемесінің командирі:

От лица всех авиаторов хочу поблагодарить вас. Свой долг перед Родиной мы будем выполнять с честью и достоинством.

Бүгінгі батырлар арасында Әсем де бар. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Әлия мен Мәншүктердің ізбасары халықаралық сайыстарда мергендігімен көзге түсіп жеңімпаз атанған. Дзюдо мен самбодан спорт шебері. Әскери бөлімдегі негізгі міндеті - барлаушы-снайпер.

Әсем Жәкенова, 44736 әскери бөлімінің барлаушы-снайпері:

Сізге зор денсаулық тілеп, бүгінгі мейраммен барлығыңызды құттықтауға рұқсат етіңіз.

Қарағанды облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде жас сарбазды денесімен гранатадан қалқалап қалған Қайрат Үмбетов те «Халық қаһарманы» атанды. Өзі сол кезде ауыр жараланған. Денесінде оқтұмсықтың 31 жарықшағы қалып қойған Қайрат әлі емделіп жүр. Көзсіз батырлығы үшін Елбасы оны арқасынан қақты.

Ел тыныштығын, халқымыздың тәуелсіздігін сақтап, әрі қарай қызметімізді адал атқарамыз. - Денеңде қанша осколок?  - 31 осколок.

Бүгін сондай-ақ генералдар қатары артты. Әскери теңіз күштерінің бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов вице-адмирал шенін тақса, Айдын Айымбетов авиация генерал-мойоры атанды. Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі жанынан табылатын, Президенттің қауіпсіздік қызметінің бастығы Ардақ Әшімбекұлы генерал-майор атағын алды. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ