Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның СІМ РФ-ның елшісі Михаил Бочарниковты түсініктеме беру үшін шақыртты

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2014
  • 931

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин Хакасия Жоғарғы кеңесі төрағасының Қазақстан мен Ресей арасындағы "тарихи бұрмалаушылық" туралы мәлімдемесін «жауапсыздықпен айтылған былапыт» деп атады. Бұл пікірін Карасин Қазақстан елшісі Марат Тәжинмен кездесуде айтты.

Соған қарамастан Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының елшісі Михаил Бочарниковты түсініктеме беру үшін арнайы шақыртты.

Еске салайық, Хакасия республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы Владимир Штыгашев Қазақстанға жер берген Ресей деген мазмұнда мәлімдеме таратқан. "Ол нені меңзеді? Ресей елшісіне осы сауал қойылады", - деді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы.

Нұржан Айтмаханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

Жағдайға түсініктеме алу үшін ҚР Сыртқы істер министрлігіне Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі Михаил Бочарников арнайы шақыртылды. Ресейдің ресми билігі Штыгашевтің айтқан сөздеріне нақты түсініктеме береді деп ойлаймыз. Біз сондай-ақ Хакасия республикасы атынан Штыгашевтің сөзін дәл мағынасында жеткізе алмаған БАҚ кінәлі деп түсініктеме берген шенеуніктің де сөзіне мән беріп отырмыз. Дегенмен орын алған жағдайға байланысты бұл түсініктемелер жеткіліксіз, әрі қанағаттанарлықтай деңгейде емес.

Министрлік өкілі Хакасия кеңесі төрағасының мәлімдемесі Қазақстан мен Ресей арасындағы 2005 жылы бекітілген "Мемлекеттік шекара туралы" келісімге қайшы дейді. Құжатқа сәйкес 2006 жылы 12 қаңтарда екі ел арасындағы шекара сызығы заңды негізде бекітілген.

Еске саламыз, ресейлік бірқатар БАҚ-ы Хакасия республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы Владимир Штыгашевтің сөздеріне түрлі мағынада түсініктеме берген. Ол өз сөзінде Қазақстанның жер аумағы аса үлкен болмағанын, бес облысты Ресей бергенін мәлімдеді. Қазақстанның Шығыс өңірі үшін жанталасқан шенеуніктің сөзі жоққа шығарылды. Штыгашевтің орынбасары Олег Николаев журналистер сөзді бұрмалады деп ақталған. 

Сымбат МОЛДАТАЙ