Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО тасқын судан зардап шеккен Көкпекті ауылына жәрдем қолын созды

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2014
  • 1162

Көкпектіге көмек. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары тасқын судан зардап шеккен Көкпекті ауылына жәрдем қолын созды. Аймақтағы 8 ауданнан Қарағанды өңіріне керек-жарақ тиелген жүк көліктері жетті. Арасында құрылыс материалдарынан бастап ірілі-ұсақ малға дейін бар.

Арам қатқан төрт түліктің орнын толтыру үшін әр үйге сәйкесінше көмек берілмек. Сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін 20 тонна цемент, 20 тоннадай жарма, дәл осындай мөлшерде картоп пен ұн жеткізілген. Қираған баспаналарды қайта тұрғызу үшін құрылыс материалдары да жәрдем ретінде берілді. "Қайғы жұтқан жандарға аз да болса демеу болып, қол ұшын созуға келдік", - дейді шығыс қазақстандықтар. Әсіресе осы ауылмен аттас Көкпекті ауданының тұрғындары аянып қалмады. 4 жыл бұрын олар да дәл осындай қиын жағдайды бастан кешкен.

Дүйсенғазы Мусин, Көкпекті ауданының әкімі, ШҚО:

Бірден 300 бас мал жинап, осында жөнелттік. Енді ауылды қалпына келтіру жұмыстарына жұмыла кірісіп кетуіміз керек! Ең бастысы - ауызбіршілік, қиналғанда демеу болу, ел-жұрт барлығы сәлем айтып жатыр.

Қинаят Сүйініш, Көкпекті ауылының тұрғыны Қарағанды облысы:

Осыған енді рахмет елімізге. Осыдан былай апат болмасын, еліміз аман болсын, Отанымыз тыныш болсын. 

Жергілікті билік қырылған малдың орнын көп ұзамай толтырамыз деп уәде етті. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен көмек жеткізілуде. Шығынның мөлшері есептеліп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, 50 шақты үйді қайта салуға тура келеді. 100-ден астамы күрделі жөндеуді қажетсініп тұр. Ал қираған дамбаны қалпына келтірудің қашан қолға алынары әзірге белгісіз.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА