Ақмола облысындағы алты ауданда топан су салдарынан тұрғындардың біразы
қауіпсіз жерге көшірілді. Әсіресе Атбасардағы жағдай күрделі. Қаланың
батыс бөлігіндегі су құлату арнасы құйылып жатқан суды өткізе алмай жатыр.
Түнде өзен суы тағы көтерілген.
Салдарынан 8 көшенің бойындағы 330 үй топан су
астында қалды. Осыған байланысты ағысқа бөгет болған жол қабатын алып тастауға тура
келді. Мұнан соң судың екпіні аздап бәсеңдеді. Дегенмен, қауіп толық сейілген
жоқ.
Валерий Петров, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
Қазіргі таңда апат болған аймақтардағы азаматтарға алғашқы көмек түрлері
көрсетілуде. Баспанасыз қалғандардың саны анықталуда. Үй-жайларын қалпына
келтіру жұмысы да қолға алынбақ. Осы істің бәрі апаттан келген залалды
анықтағаннан кейін жүзеге аспақ. Арнайы комиссия кірісіп те кетті. Ешкім далада
қалмайды.
Сондай-ақ Қазақстанның үш облысында су тасқыны қаупі әлі де
сақталуда. Вице-министр Петровтың айтуынша, еріген қар суы жақын бірнеше
күнде Ақмола облысынан Солтүстік Қазақстан облысына ойысуы мүмкін. Бүгінде
аталмыш жағдайға байланысты солтүстік өңірге бес мыңнан астам төтенше жағдайлар
бойынша қызметкерлер жөнелтілген. Сондай-ақ Орталық Қазақстандағы ахуал жіті
назарда.
Жұрағат БАМАН