Русский Сайттың толық нұсқасы

«Интергаз Орталық Азия» қоғамы жас жұмыскерлерін ізденіс жолына бағыттады

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2014
  • 1590

Ғылым мен инновация. «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы жас жұмыскерлерін ізденіс жолына бағыттады. Таяуда компания «Газ тасымалдау саласындағы инновациялық идеялар мен жобалар жәрмеңкесін» өткізді. Екі күнге созылған байқау жүлдегерлері қомақты ақшалай сыйақы алып, бастысы білімдерін шетелде ұштау мүмкіндігіне ие болды. 

«ҚазТрансГаздың» еншілес компаниясы «Интергаз Орталық Азия» Жолдау жүгін арқалап, өңір-өңірлерде еңбектеніп жатқан жас кадрлар арасында алғаш рет үлкен байқау өткізді. Басты мақсат - жас буыннан білікті кадр даярлау. Қуантатыны, ғылыми-техникалық үрдіске үлесімді қосамын деуші инженерлер қатары да аз болмады.

Айта кетейік, компанияда 30-ға толмаған 1309 жұмыскер бар. Олардың 57 байқауға түсіп, бақ сынап көрді. Алайда сараптау комиссияның оң бағасын алғандар қатары көп болмады. Осылайша екінші турға тек 36 жоба өтті.

Байқаудың өзі 4 бағытқа бөлінген: ғылыми-техникалық прогресс, экономикалық және әлеуметтік үрдістерді модельдеу, салауатты қоршаған орта мен еңбек жағдайларын жақсарту. Жұмысында міні жоқ дегендер ақшалай сыйақыға қол жеткізді. Олардың қатарында Тұрар Дюсов те бар. Жас инженер Атырау облысындағы мекемелерге тоқ жеткізудің қамын ойластырса керек.

Тұрар Дюсов, жеңімпаз:

Менің жобам, басқа да жігіттердің жобасы, қай-қай жоба біздің жалпы еліміздің тыныштығына экономиканың өркендеуіне, сонымен қоса дамуына, болашақта 30 мемлекеттің қатарына қосылуына өз үлесін қосу үшін осындай жұмыстар жасалып отыр. 


Ал компания болса, кадрлық құрамына талдау жасап, көгілдір отын тасымалдауда жаңаша теңдессіз идеялармен толықты. Басшылық құрамы сыннан сүрінбей өткендердің жобаларын жұмысқа жаратамыз деп отыр.

Досбол Күлекеев, адам ресурстарын басқару және әлеуметтік саясат департаментінің директоры:

Араларында өзінің жобаларын көрсетіп, дәлелдеп өткен біздің жұмысшылардың жобалары біздің жалпы жұмысымызда қолданылады.

Бұл байқауда ұтылғандар жоқ. Қатысушылар әділ қазылардың, яғни ардагер жұмыскерлердің қатаң ескертпесін елеп, жобаларын жетілдірсе, келесі жылы да байқауға қатыса алатын мүмкіндікке ие.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА