Демалыс күндері Алматыда республикалық «Таза мекен» акциясы өтті. «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен сенбілікке мектеп оқушылары,
қалалық маслихат депутаттары, студенттер мен түрлі жастар ұйымдары, сондай-ақ танымал әншілер қатысты.
Олардың барлығы таңмен таласа тұрып, көше бойларын
күл-қоқыстан тазартты, тал екті. Барлығы 100-ге жуық көшет отырғызылды.
Игілікті істен ата-апаларымыз да шет қалмады. Қайратпен іс қылмаса да, ақыл
айтып, жастарды еңбекке баулыды. Артынан барлығы ортақ дастарханнан дәм татып,
кішігірім концерт тамашалады.
Арман Халыбекова, «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
Бүгінгі бұл шараның негізгі мақсаты - қоршаған ортаны қорғау, қоршаған
ортаның тазалығын сақтау, және патриатизмді қалыптастыру. Отанға, туған жерге
деген сүйіспеншілікті дамыту болып табылады.
Ақтөбелік жастар да еліміздің тазалығына өз үлестерін қосуда. "Жас
Отанның" белсенділері мен студенттер орталық саябақта көшеттер отырғызып,
ағаштардың діңгегін ақтады. "Көппен көтерген жүк жеңіл" демек,
белсенді жастар қазақстандықтарды тазалыққа шақырып, қаланы қоқыстан тазартты.
Дойбыдан әлем чемпионы Мирас Жакеев те өзгеге үлгі болуды мақсат етіпті.
Мирас Жакеев, дойбыдан жастар
арасындағы әлем чемпионы:
Егерде әрбір қазақстандық өзінің айналасын таза ұстап жүрсе, сонда еліміз
дамудың жаңа деңгейіне шығады деп ойлаймын. Сондықтан да Қазақстанның барлық
жастарын осылай елімізді таза ұстауға өзінің үлесін қосуға шақырамын.
Мансұр ЕСҚОЖИН