Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада сарбаздардың жаппай улануына қатысты жергілікті билік мәлімдеме жасады

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2014
  • 864

Әкімдік пен әскери бөлім арасында тартыс басталған сыңайлы. Қызылорда қаласында әскери бөлім сарбаздарының жаппай улануына ауыз су себеп болған жоқ. Қала әкімінің орынбасары Мұрат Тілеуімбетов осылай деп мәлімдеді.

Айтуынша, оқиға орын алған 55/47 әскери бөлім орналасқан Қызылжарма елді мекенінде 6 мыңнан астам адам тұрады. Су өткізу желісі әскерилерге де, азаматтық тұрғындарға да ортақ. «Егер сарбаздар құбырдағы судан уланса, тұрғындар арасында да улану дерегі болуы тиіс еді», - дейді жергілікті билік.

Қызылжармадағы әскери бөлімде төтенше жағдай болғанын кешегі жаңалықтарымызда айтқанбыз. Бірден 36 жауынгер жұқпалы аурулар ауруханасына улану дерегімен түскен. Іле-шала әскери бөлім басшылары «сарбаздар судан уланды» деп мәлімдеме жасады. Екі жақ тартысып жатқанда, дәрігерлер арнайы медициналық қорытынды шықпай, нақты жауап қатуға ерте дейді.

Айта өтейік, СЭС мамандары сарбаздардың неден ұшынғанын бүгін ресми түрде айтуы тиіс.

Илхам ИБРАГИМ