Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайдағы Урийцк көшесінде орналасқан нөмірі 9 үй жөндеуіне қаржы бөлінбеді

  • AstanaTV
  • 03 шілде 2014
  • 1334

Қостанайдағы Урийцк көшесінде орналасқан нөмірі 9-үй тұрғындары тығырыққа тірелді. Жарты ғасырдан аса уақыт бұрын іргесі қаланған ескі үйді тұрғындар жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуден өткізбек болады. Алайда қала қазынасынан қаражат бөлінбеген. Ал мердігер компания болса, жөндеу жұмыстарын осыдан бір ай бұрын бастап кетті. 

Іргетасы 1959 жылы қаланған үш қабатты үйдің әбден тозығы жетті дейді тұрғындар. Осы уақытқа дейін бірде-бір жөндеу жұмысы жасалмаған дейді. Қабырғасы сөгілген, шатыры шұрық тесік, инженерлік-коммуникациясы әбден көнерген. Көпшіліктің өз қалауымен өткен жылы қалалық әкімдікке өтініш білдіріпті. Тұрғындар жаңғырту бағдарламасына қатысуды сұраған. Ал қалалық әкімдік болса, келісім беріп, оған қажетті 35 миллион теңгенің сметалық құжатын да құптаған. Бірақ уәделі қаражат әлі бөлінбепті.

Рәзия Ержанова, «Железнодорожник» ПИК өкілі:

Документ жағы бәрі дайын. Ал енді неге ақшаны берем деп кісіні сендіріп, ол кредит алып, үйін кепілдікке салып, мынаны бұзып болған соң, ақша бермеймін дегені адамгершілікке, басшы болып отырған адамға жараспайды деп ойлаймын.

Әліптің артын бақсақ, ескі үйді жаңғыртуға тілек білдірген мердігер компанияның өкілі осы үйдің тұрғыны болып шықты. Әуез Баязитов шенеуніктердің ауызша берген уәдесіне сеніп, қазына қаражатын алмастан, жөндеу жұмыстарына кірісіп кетіпті. Шатырды сыпырып тастағанда ғана, жергілікті биліктің ақша бөлмейтінін білген. Енді қара күзде шатырсыз отырмас үшін жеке пәтерін кепілдікке қойып, 5 миллион теңге көлемінде қаржы да алдым дейді.

Әуез Баязитов, мердігер компания басшысы:

Біздің ақша тұр қазынада. Сол қаражатты басшылар лоббировать етіп басқаларға беріп отыр. Біз бұны былай жай қалдырмаймыз. Қаланың, облыс әкіміне, прокуратураға сотқа, тіпті Президент Әкімшілігіне дейін барамыз.

Қазір құрылысшылар жұмысты тоқтатпаған, үйдің шатырын жөндеп жатыр. Бірақ ақшаның болатынына күмәнмен қарайды. Ал қалалық әкімшілік аталған баспананы жөндеу туралы нақты шешім қабылданбаған хабарлады. Тұрғын үй инспекциясы жетекшісінің айтуынша, мердігер жұмысты өз еркімен бастап кеткен.

Оразтай Ромазанов, Қостанай қалалық тұрғын үй инспекциясының бастығы:

Бұл мәселенің туындауына мердігер компанияның бізбен еш келісімшарт жасамай құрылыс жұмыстарын бастап кетуінде болып тұр. Енді шамамыз келгенше қаражат қарастырып, тұрғындардың үйін, шатырын жөндеуге қол ұшын береміз.

Алайда қалалық әкімдік өкілдері Урийцк көшесінде орналасқан үйге күзге дейін 15 миллион теңге көлемінде ғана қаражат бөлу мәселесі қарастырылатынын мойындады. Қалған сомманы келесі жылға қалдыруы мүмкін. Өйткені осы тектес тағы сегіз ескі үй кезекте тұр екен.

Заңғар САНАЙ