Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада уланған сарбаздар саны 52-ге жетті

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2014
  • 1208

Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемилогиялық станциясы сарбаздардың жаппай улануының себебін жариялауға әлі дайын емес. Ал дәрігерге шағымданған жауынгерлер саны 52-ге жетті. Дәрігерлердің ақпаратына сенсек, бірінші түскен науқастардың жағдайы қазір тұрақталса, кейін түскендерінің дене қызуы сақталып, өздерін әлсіз сезінуде.

Медициналық сараптамалар нәтижесі әлі дайын емес. Ал кеше Ішкі істер министрлігі мен әскери бөлім мамандары «жаппай уланудың себебі ауыз судан» деп мәлімдеген. Алайда «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі бұл деректі жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, Қызылжарма ауылы қолданатын ауыз су 470 метр тереңдіктен тартылады. Бұған қоса, мекеме басшысы ауруханаға тек ішкі әскер сарбаздарының түскенін атап өтті.

Айта кетейік, Қызылжармада 6 мыңнан астам тұрғын бар. Олардың тарапынан қандай да бір араз-шағым түспеген. Әскери прокуратураның рұқсатымен әскери бөлімге жеткізілген судан сынама алынған. Бүгін судың химиялық құрамы туралы сараптама нәтижесі дайын болды.

Мұратбек Үсербаев, «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы:

Судың иісі біздің сараптамаларымыз бойынша нольде, дәмі де сондай, түсінің қалыпты мөлшерлемесі 20 градус болса, бізде 6,5 көрсетіп тұр. Водородтық көрсеткіші 6-9 болу керек, сараптамамен 8,52. Жалпы судын қаттылығы - 7 болса, алған суда 0,6 көрсетіп тұр. Яғни су жұмсақ. Неге? Өйткені бұл су 450 метрдегі тереңдіктен тартылады. Ол - өте таза, бұл суды хлормен тазартпаса, болмаса фильтрациядан өткізбесе де болады.

Қызылжарма ауылындағы 55/47 әскери бөлімі сарбаздары жексенбі күні кешкі астан соң дене қызулары көтеріліп, тәбеттері қашқан. Сол күні 36 сарбаз ауруханаға жеткізілді. Сарбаздар ауыз судың жағымсыз дәмі болғанын айтқан болатын. Облыстық санэпидем станциясы мамандары бактериологиялық сараптамалар нәтижесін ертең жарияламақ.

Ал Қызылжарма төңірегіндегі жанжалға намыстанған ауылдық қариялар оқиға қатысты өздерінің көзқарасын жеткізді. Олардын айтуынша, Қызылжарманың суы ең сапалы, әрі қауіпсіз. Сондықтан ауылда дабыл қағып, үрей тудыратындай ештеңе жоқ. Тұрғындар бұрынғыдай суды краннан ішіп отыр. Және олардың арасында дәрігерге жүгінген ешкім жоқ. 

Қаржаубай Халықұлов, Қызылжарма аулының тұрғыны:

Осы Қызылжарманың суы ең тәуір су деп бүкіл облыс айтып жүрген нәрсе. Мен сол әскери бөлімнің көшесінде тұрамын. Қалғанның бәрі аман ғой, тек анау қоршалған әскери бөлім болмаса. Қазір мен қайнатып су ішіп жүрген адам көргенім жоқ, осы су барлығымыздың ішіп жүргеніміз.

Шарипа САКТАПОВА