Русский Сайттың толық нұсқасы

15 сәуір - қазақтың махаббат мерекесі

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2014
  • 3119

15 сәуір - қазақтың махаббат мерекесі. Дәл осы күн ғашықтардың төл мерекесі, «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күні болып бейресми белгіленген. Бірақ бұл дәстүр әлі кең тарай қойған жоқ. Соған қарамастан, еліміздің әр өңірінде ғашықтар бір-біріне сезімдерін білдіріп, гүл сыйлап, құттықтап жатыр. Тек Қозы мен Баянның туған жері Шығыс Қазақстанда жастар «Әулие Валентиннің» шекпенінен шыға алмай қалған тәрізді. Тіпті бозбала мен бойжеткендердің көбі мұндай мерекенің барынан хабарсыз екен. 

Көктем мезгілі - шабыт пен шынайылықтың, тазалық пен мөлдірліктің бастауы. Сезім мен сенім мәнін жоғалтып, жастар арасында желігу басым боп тұрған мына заманда Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Қыз Жібек пен Төлегеннің, Еңлік пен Кебектің арасындағы нағыз махаббатты насихаттау маңызды. Осы мақсатта соңғы жылдары 15 сәуірді Махаббат күні ретінде атау үрдіске айнала бастады. Десе де бұл күнді бәрі бірдей біле бермейді, әсіресе шығыста.

Әулие Валентин күнін бәріміз атап өттік. Ал енді Қозы көрпеш пен Баян сұлу күні екені есімізден шығып кетіпті. Интернетте де ешкім ештеме жазбады бұл күнге орай.

Меніңше, жастар арасында бұл мерекенің маңыздылығын арттыру үшін түрлі конкурстар мен шаралар ұйымдастыру керек. Көптеген ақпарат тарату керек жастар арасында. Валентин күнінде бәріміз бір бірімізді құттықтаймыз.


Жастардың бос уақыттарын тиімді өткізу мен түрлі мәдени шараларға жауапты мекеме басшылары да бұл мерекенің кенжелеп қалғанын айтуда.

Жандос Дайырбаев, Өскемен қалалық жастар орталығының маманы:

Шынымен бұл күнді аса атап өтпейміз. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көптеген насихат жүргізу керек. Сонда бұл мерекенің мәртебесі артады.

Ал қостанайлық студенттер «Қозы мен Баян» күніне орай жыл сайын мерекелік шара ұйымдастырып келеді. Бірақ биылғы байқау бұрынғыларынан өзгеше өтті. Бұл жолы сайысқа түскен 7 жігіт шымылдықтың ар жағындағы ару қыздың жүрегін жаулап алу үшін барын салды. Қостанайлық Қозылар ән шырқап, күй тартты. Махаббат жайлы өлең оқыды. Сөйтіп барлығы жеті сайыста бақ сынасты. Байқау соңында жеңімпаз жігіт сұлу қызды кездесуге шақырды.

Болат Қалиев, байқауды ұйымдастырушы:

Қозы Көрпеш - Баян сұлу деп атап отырғанымыздың өзінде жастар ұлтымыздың тарихын білсін дегенді мақсат тұттық. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар салт-дәстүр, қазақ тілін жетік білуі тиіс. Осы жағынан алғанда бүкіл жастар саясатын қамти отырып, осындай байқау ұйымдастыру керек деп шештік.

Дастан Беков, байқаудың жеңімпазы:

Өзегенің бір мерекелерін тойлағаннан гөрі, өзіміздің осындай тарихымызға жүгінгеніміз дұрыс деп олаймын. Біз бүгін ҚМУ студенттері осындай игі мереке ұйымдастырып жатырмыз, тек ған біз емес, еліміздің барлық университеттерінде осындай шаралар өтіп жатыр. Өскелең ұрпақты тәрбиелегіміз келсе, дәл осындай байқаулар ұйымдастырылу керек.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Таңсық ауылы маңында ғашықтардың мазары бүгінде ескіден көз болып тұр. Махаббаттың символы іспеттес. Жалпы биіктігі 11 метрден асатын ескі құрылысқа шетелдіктер қызығушылық танытады. Тек Қозы мен Баянның басына тәу етіп барған қазақ ғашықтарын көзің шалмайды.

Айта кетейік, 15 сәуір көктемнің бел ортасы ретінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» күні деп белгіленсін деп Қазақстанның жастар Конгресі 2010 жылы ұсыныс тастаған болатын. Бұл ұсыныс жоғарыдан қолдау таппаса да, жастар арасында бүгінде ішінара аталып жүр.

Қанат ОРАЛБЕК