Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде Моңғолиядан келген азаматтың өзінің қазақ екенін дәлелдей алмай жүргеніне 20 жылға жуықтапты

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2014
  • 1277

Ақтөбеде Моңғолиядан келген азаматтың өзінің қазақ екенін дәлелдей алмай жүргеніне 20 жылға жуықтапты. Шернияз Жумахай төлқұжатындағы түсініксіз жазу кесірінен Қазақстан азаматтығын ала алмай келеді. Құзырлы органдар жеке куәлік беруден тартынып отыр. Олардың пайымынша, ұлты көрсетілген тұсы қаламмен түзелген. Мәселенің ақ-қарасын әріптесім Мансұр Есхожин анықтауға тырысты. 

Шернияз Жухамай таңмен таласа тұрып, шаһардың орталық базарын тазалайды. Бұл оның күнделікті кәсібі. Басқа жұмысқа тұрғысы келгенімен, құжаттары жоқ. Ол Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары алғашқылардың бірі болып Атамекенге оралған. Алайда Қазақстан азаматтығын алуға көші-қон полициясы басқармасындағылар кедергі болыпты. Олар оралманның Моңғолиялық құжатындағы «қазақ» жазуына сенбеген.

Шернияз Жухамай:

Мен қазақпын! Елім ғой жерім ғой деп келгенде, атыма жарқыратып Шернияз көшесін қойып қойды. Шернияз ақын болған екен. Бірақ сол ата-тегім қойған шығар. Қыдыр бабам қолдасын деп Қыдырбек деген ұлым, міне. Гүлжайна, Жайнагүл деген балаларым. Барлығы қазақша аттар.

Қолында құжатының көшірмесі ғана. Онда ұлты қаламмен жазылған ба, ол жағы дұрыс көрінбейді. Полиция испекторлары қолдан жазыла салғанын анықтауға уақыт қажет дейді. Оның үстіне оралман дәрежесі жазылған бір парақ қағаз бен туу туралы куәлігін де жоғалтып алыпты.

Айгүл Нұртазина, Ақтөбе облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы:

Оның төлқұжатында ұлтын қаламмен жаза салған. Осы жайды анықтау үшін бірнеше рет Моңғолия елшілігіне хат жаздық. Әлі күнге дейін біздің хаттарымызға жауап жоқ.

Көші-қон полициясы құжатты тездету үшін Шернияз Жухамай Моңғолия елшілігіне өзі баруы тиіс дейді. Ал Шернияз Жумахай болса, жеке басын растайтын бірді-бір құжатсыз Ақтөбеден шығуға жүрексінеді. Тіпті шарасыз күн кешкеннен шаршадым дейді. Дегенмен, 4 баласы да Қазақстан азаматты атаныпты. Өзінің қазақ екенін дәлелдеу үшін енді әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тіпті мелекеттік тілден емтихан тапсыруға дайын екенін жеткізді.

Шернияз Жухамай:

Дәлел...енді міне нағыз қазақпын. Қалай енді не айтамын. Қазақ емес дейтін болса, тағы да тексеріп қарасын. Қашып келген, мынау бір қапталдан жүрген десе, тағы қарасын. Міне жолдасыммен неке куәлігім бар.

Мансұр ЕСҚОЖИН