Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан ұлттық оқулық жазу үлгісін қалыптастыра алмай отыр

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2014
  • 1642

Қазақстан күні бүгінге дейін ұлттық оқулық жазу үлгісін қалыптастыра алмай отыр. Мектеп бағдарламасындағы оқулықтардың дені орыс тілінен аударылған. Қала берді Еуропа елдеріндегі оқулықтардың стандарттарына негізделіп жасалған шала әрі сапасыз көшірме. Ғалымдар мен зиялы қауым бүгін оқулық тақырыбын қозғап, көптеген проблемалардың бетін ашуға тырысты.

Динар Нөкетаева, "Мирас" қоғамдық кеңесі жанындағы оқулықтарды сараптау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі:

1901 оқулықтың 79-ы сараптамадан өтпей қалды. Қолданыстағы оқулықтардың тілдік нормаларға сәйкессіздігі 40%, стиль және оқушы қабілеттігінің ескерілмеуі 30% және де мазмұнының әлсіздігі сынды кемшіліктер бар.

Бұл мәселе «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында көтерілді. «Мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы» тақырыбында өткен шараға кеңес өкілдері мен Парламент депутаттары, сондай-ақ Білім және ғылым, Мәдениет министрлері, оқулық шығаратын баспалардың жауапты өкілдері қатысты.

Басқосуға келгендер елімізде оқулық жасаудың өзімізге тән үлгісін қалыптастыра алмай отырғанымызды жасырмады. Білім беру жүйесінде төл оқулықтар шығаруға мемлекеттік деңгейде назар аударатын уақыт жеткенін алға тартты. Талай сорақылықты байқап жүрмін деген кеңес мүшесі Бекболат Тілеухан балаларының үй тапсырмасын орындауда өзі де қиналатынын мойындады. 

Бекболат Тілеухан, "Мирас" қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Кей жаттауларды жаттап миыңды қатырғанша, қызым "екі" ала сал деймін. "Иттің құны 35 рубль, шошқаның құны 200 рубль6 екеуінің айырмасы қанша?" дейді. Иттің қазаққа қатысы не, шошқаның қатысы не, рубльдің қазаққа қатысы не? Біз егемен ел емеспіз бе, біздің теңгеміз бар емес пе, қозы лақтарымыз ба емес пе балаларға айтатын? Министрлік, Үкімет нақты мойнына алу керек. Бұл ақша табудың жолы емес, бұл келесі ұрпақтың ғылыми потенциялы осы оқулықтарға байланысты.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА