Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана қаласының әкімдігі жер телімдерін қайтаруды талап еткен азаматшаларға жауап берді

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2014
  • 1015

Өтемақыға қанағаттанбаған саяжай учаскелері иелерінің талаптары орындалмайды. Астана қаласы әкімдігінің басшылығы бүгін осыны мәлімдеді.

Қалалық Тұрғын үй басқармасы бастығының айтуынша, саяжай учаскелерінің бұрынғы иелері жерді өз мақсатында емес, тұрақты баспана ретінде пайдаланған. Ал мемлекет қажеттілігіне орай алу кезінде саяжай санатындағы жерлерге төмен өтемақы ұсынылады. «Соған қарамастан, даулы жер учаскелерінің қожайындарына жердің өз құнынан бес есе артық құн төленді», - дейді Серік Оспанов.

Серік Оспанов, Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының бастығы:

Бірнеше адам наразылық білдіріп, Парламент пен Бас прокуратураны жағалап жүргендігін білесіздер. Мәселен, Серікбаева деген азаматша 2006 жылы 600 квадрат жер телімін миллион алпыс екі мың теңгеге сатып алған. Біз оған 4 миллион тоғыз жүз сексен сегіз мың теңге көлемінде өтемақы төледік. Алайда ол келіспей отыр. Не үш бөлмелі пәтер алып бер не 16 миллион теңге бер, дейді. Жалпы, Саяжай учаскелерінің орташа құны - 4-5 миллион теңге. Біз бұл межеден аса алмаймыз. Ол заңда да қарастырылмаған.

Еске сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын Астанада саяжайлық жер телімдерінің «мемлекет қажетіне» алуға наразы бірнеше тұрғын парламент үйі алдына митинг өткізген болатын.

Ақпар бойынша, Парламент ғимаратына наразы тұрғындардың бәрі бірдей кіре алмаған. Наразы төрт әйел өздерін Парламент кіреберісіндегі шарбаққа шынжырмен байлап тастаған. Кейіннен оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, заңсыз митингшілерді әкеткен.

Ал Астана қаласында жеке меншіктегі жер телімдерін алу әлі жалғаспақ. Тұрғын үй басқармасының басшысы биылдың өзінде жеке меншіктегі 741 жер телімі мемлекет қажеттілігіне алынатынын хабарлады.

Серік Оспанов, Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының бастығы:

Астана қаласында жалпы 17 мың саяжай учаскесі бар. Олардың есебінен жыл сайын жер телімдері белгіленген межеде мемлекет қажеттілігіне алынады. Статистикаға жүгінсек, саяжай иелерінің 80% ұсынған сомамен келісіп, жер телімін босатады. Ал қалған 20% наразылық білдіреді. Осыған байланысты соңғы үш жылда 373 сот ісі қозғалды.

Жұрағат БАМАН