Шаруасын ашып, кәсібін дөңгелетем дегендердің жұмысы жеңілдейтін болды.
Бүгін Парламент мәжілісінде Өңірлік даму министрі «Рұқсаттар мен хабарламалар
туралы» Заң жобасын таныстырды. Құжат қабылданса, бірнеше мәселе бірден шешілуі
тиіс. Мәселен, үнемі ұлғая беретін рұқсаттамалар мен лицензиялар саны енді
негізсіз өспейді және құжаттарды рәсімдеу электронды форматқа ауысады. Ал бұл
өз кезегінде жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік бермек.
Айта кетерлігі, заң
жобасы шұғыл деп танылған. Сондықтан халық қалаулылары оны бір ауыздан қолдады.
Бұл елдегі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жасалып жатқан тағы бір
шара.
Мәжілісте бүгін сирек орын алатын жағдайдың бірі болды. Депутаттар заң
жобасын бірінші оқылымда ғана мақұлдап қоймай, жоспардан тыс екінші оқылымды
жасап, бір ауыздан қолдады. Ол кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдететін "Рұқсаттар
және хабарламалар туралы" заң жобасы. Құжатты таныстырған Болат Жәмішев 50 астам
пункттің алынып тасталғанын айтты. Және болашақта әлі де өзгерістер болуы
мүмкіндігін атап өтті.
Ондай өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақ аясында қабылданатын
келісімдер негізінде орын алуы мүмкін, дейді Өңірлік даму министрі. Қандай
өзгеріс болмасын, олар электронды форматта болады. Лицензиялар 2013 жылдан бері
электронды түрге көшірілгені белгілі. Ал рұқсаттар биылғы жылдың аяғына дейін
ауыстырылады. Яғни тиісті құжаттарды алу рәсімі жеңілдетіліп жатыр.
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
Заң жобасы қандай да бір мемлекеттік орган тарыпаннан лицензия алам деуші
адамға қосымша құжаттар жинату жағдайына тиым салады. Яғни жаңа талаптар
қарастырылмайды. Өйткені барлығы ақпаратты түрде жүріп, қызмет түрін алушы мен
мемлекеттік қызметкер арасында байланыс болмайды. Сондықтан белгісіз себептер
бойынша лицензия бермей қою деген мәселе түбегейлі жойылады.
Соңғы екі жылда хабарламалар мен рұқсаттар саны 30 пайызға қысқарған. Заң
жобасында қазір олардың 736 түрі қарастырылған. Алайда Мәжіліс төрағасы оның
өзі көп дейді.
Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Біздегі шағын және орта бизнес үлесі 17 пайыз. Болашақта оның санын 50
пайызға жеткізу керек. Дамыған елдерде ол көрсеткіш 70 пайызды құрайды. 737
қалғаны - оның өзі өте көп. Бұл мәселе бойынша әлі де жұмыс істеу керек.
Қазіргі интеграциялық процесті ескерген депутаттарды отандық нарықты сақтау
жолдары да алаңдатты. Алайда заң жобасында ішкі нарықты сыртқы нарықтан сақтайтын
нормалар қарастырылмаған. Яғни экспорт пен импорт режимін жеңілдететін
өзгерістер енгізілмеген. Халық қалаулыларына ұнамаған тағы бір жайт - лицензиялау үшін кәсіптің түрі мен көлемі ескерілмеген. Яғни кәсіпкерлердің
рұқсат алу өтініштерін қарауға барлық жерде бір ғана мерзім белгіленген.
Дегенмен бұл заң жобасы бюроктариялық белестерді қысқартып, кәсіпкерлердің
шаруасына едәуір демеу болатыны сөзсіз. Сондықтан да құжат Сенат қарауына
жөнелтілді. Өзекті заң жобасын жоғарғы палата да ұзақ қарамайтын болар.
Айгүл ӘДЕПБАЙ