Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада «тиімді меншік иесі» концепциясы талқыланып жатыр

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2014
  • 1560

Астанада пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жандандыратын «тиімді меншік иесі» концепциясы талқыланып жатыр. Оған сәйкес енді дауы бітпейтін кооперативтердің тындыра алмай жүрген шаруалары «қызмет көрсету» компанияларына беріліп, пәтер иелерінің бірлестігі тек қадағалау құзыретін иемденеді. Толығырақ тілшіміз Азамат Алдоңғаровтың материалында.

Астанадағы «Комунальник-2» ұйымының мүшелері «ыстық су" мәселесін ұдайы көтеруге мәжбүр. Тұрғындардың уақытылы жуынып-шайынуы мұңға айналған. Ашынған жұрт баспананың құбыр желісі жылдар бойында жөндеу көрмеді дейді.

Өнербек Әбділманов, "Коммунальник-2" ПИК мүшесі:

Мен біздің бұрыңғы кооператив Комунальник 2-нің, қазіргі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директорына барғанымда: «Жылу алмастырғышты жөндемейінше, ыстық су болмайды", - деді. Енді қанша уақыт сусыз отырамыз дегенде, бір ай, екі ай, керек десеңіз тіпті жарты жыл суға қолдарың жетпейді деп жауап берді.

Тұрғындар ыстық су күтіп жүрген уақытта кооперативтің өзі басқа мекемеге айналып шыға келген. Көпшілік «Коммунальник - 2» кооперативі жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналып, жаңа басшы сайланғанынан бертінге дейін бейхабар болыпты. Көпшіліктің сөзінше, ескі төраға жаңа басшыға айналғанымен, қарапайым тұтынушылардың мұң-мұқтажы сол қалпында. Ереже бойынша серіктестік те тұрғындардың келісімімен құрылуы тиіс. Ал басшы орнына бүгін ыстық су проблемасы бойынша есеп беруге келген серіктестік инженері кінәнің барлығын тұрғындардың өздеріне жапты.

Виталий Коломотьев, «Коммунальник-2» ПИК бас инженері:

"Астана теплотранзит" өткізген тексеріс жұмыстары барысында аталмыш үйдің инженерлік жүйесінде кінәрат табылды. Енді өткен жылдан бастап жылу алмастырғыштың жөндеуіне жиналып жатқан қаражат су жылытқышына жұмсалады. Ол ақшаның өзі толық жиналып біткен жоқ. Алдағы бір жарым аптада ыстық су әлі де болмайды.

Бұндай дау қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің көпшілігіне тән. Астанада қазір 370 кооператив бар. Енді қала билігі жауапты бірлестіктердің жұмысын реттейтін жаңа ереже қабылдамақ. Тұрғын үй инспекциясы басқармасы әзірлеген концепция тұтынушылардың ғана емес, кооперативтердің де жүгін жеңілдетпек. Яғни тазалық, құбырлардың бүтіндігі, су жүйесінің жұмысы - барлығы қызмет көрсету компаниясының тапсырылады. "Ал кондоминиум мен төраға тек қаржы беріп, оның ұсатылуын, қызметтің сапасын қадағалап қана отырады",  - дейді жоба авторлары.

Талғат Рысбеков, Астана қаласы тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы:

Қазір тұрғын үй коммуналды кооперативі өздері қызмет көрсетеді, өздері басқарады. Барлығы бір қолда. Тұрғын үй қатынасы заңы бойынша бізде басқару мен қызмет көрсету бөлек қарастырылған. Біз енді осы екеуін жіктейміз. Басқару органы кондоминиум, оның төрағасы бар, қалған міндеттерді қызмет көрсетуші компанияға береді. Ал олар өз кезегінде білікті кардрлары бар ұйым. Біз кез-келген істі сол саланың маманы атқарғанын қалаймыз.

Алайда кооперативтер мұндай ұсынысты әрқилы қабылдап жатыр. Тәжірибелі төраға Мизам Кенжебаев жергілікті билік көтерген бастаманың қаржылық қырына ден қойып отыр. Қызмет компанияларының жұмысы үшін салмақ бәрібір тұтынушыға түседі деген пікірде.

Мизам Кенжебаев, «Ишим-1» ПИК төрағасы:

Олар өздері корпоративті салық төлейді, сосын НДС бар, соларды төлейді ғой. Сосын барып өздеріне түсім қалдырады ғой. Ол баяғыда совет үкіметінде 1,5 пайыз болған, қазір ол 32 пайызға жетті. Жинаған ақшамыздың жартысы кетіп қалады сонда.

Жаңа концепцияның принциптері көпшілік арасында түсіндіріліп, толыққанды жұмысын бастағанша, тұрғындар басындағы қиыншылықтан қашан түбегейлі арылады деген сауалға жауап табылмай тұр. Оның күткендей тиімді болуы да және уақыттың еншісіндегі дүние. Ал әзірге ыстық сусыз отырған үйлерге қажетті су жақын арада жете қоймайтын сыңайлы.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ