Русский Сайттың толық нұсқасы

14 мыңдай мүшесі бар қарағандылық кәріс диспорасы ҚХА-да белсенділік танытуда

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2014
  • 1227

«Еңбек түбі - береке». Қарағандылық отбасы Когай-Ким осындай бағытты ұстанады. 18 жыл бұрын олар отқа оранған Тәжікістаннан қоныс аударып, қазақ елінде тамыр жайды. Осында кәсіп ашып, үбірлі-шүбірлі болды. Қазір Когай-Ким жаняұсы Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысында да белсенділік танытып жүр. Абзал Құрманкиннің материалында толығырақ. 

Когай-Ким жаняұсы гүлмен безендірілген, ақ тілектер жазылған ашық хаттар мен әшекей-бұйымдар жасаудан алдына жан салмайды. Кәсіптің осындай ерекше түрінің арқасында олар қолдарын жылы суға малып отыр. Қарағандылық отбасы сүйікті іспен тайлы тұяғымен жабылып айналысады. Отағасы мен қыздары белгілі бір заттың тетігін жасап жатса, сол уақытта аналары әлгі нәрсенің сыртқы келбетін ойластырумен әлек. "Бірлігі жарасқан елде шығармашылық қабілетті дамытуға бар жағдай жасалған", - дейді Владимир Когай.

Владимир Когай:

Біздің діліміз оңтүстікке бейім болғасын, біз Қазақстанға келдік. Бұл елді үйіміздей көреміз. Мұнда ұлтаралық қақтығыстар жоқ. Сол жағы қуантады.

14 мыңдай мүшесі бар қарағандылық кәріс диспорасы Қазақстан халқы Ассамблеясында айтарлықтай белсенділік танытып жүр. Владимир мен Светлана тек бизнеспен айналысып қана қоймай, ізбасарларына да көңіл бөлуге тырысады. Олар өз дүкендерінде балпандаған балалардан бастап, еңкейген қарияларға дейін шығармашылыққа баулиды.

Валентина Гордова:

Бұл игілікті іс. Балалар үлкендерге қарап, түрлі бұйымдарды өздері жасай алады. Бұл үйірмені мен құптаймын.

«Нур & Ника» қазақ-кәріс қоғамдық қорының тәрбиеленушілері жергілікті және халықаралық байқауларда сан мәрте жеңіске жеткен. Соңғы кезде тіпті кәріс тілін үйренемін дегендердің қатары қалыңдады.

Светлана Ким:

Бізге түрлі ұлт өкілдерінің балалары келіп, кәріс тілін үйренеді. Биге де қызығушылық танытады. Біздің тіпті өз тобымыз да бар. Жалпы, ұлты қандай болса да, бәрібір. Бәрі келіп тұрады бізге.

«Самуль нори» дабыл ансамбліне көбіне жастар келеді. Анира Толқынбаеваның топқа мүше болғанына бірнеше жыл. Оның айтуынша, ұлттық аспаптар заманауи өлеңдерге қосымша ырғақ береді.

Анира Толқынбаева, «Самуль нори» ансамблінің мүшесі:

Мені мұнда достарым алып келді. Ансамбльді бірден ұнаттым. Содан бері бір де бір репетициясын өткізген жоқпын.

Надежда Ким, «Самуль нори» ансамблінің мүшесі:

Бізді қалада өтіп жатқан шараларға жиі-жиі шақырып тұрады. Тыңдаушыларымыздың бар екені бізді өте қуантады.

Ұйым мүшелері қазақтың домбырасын, корейдің дабылы мен украиннің кобзасын қосып, үлкен бір ансамбль құрмақшы. Алайда бұл тек жоспар ғана. Себебі Қарағандыда диаспораларға арналған мәдениет үйі жоқ. Дайындалатын орын қиындық тудыруда. Бұл мәселені диаспора мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясында көтермек.

Абзал ҚҰРМАНКИН, Марина ИНЕВАТОВА