Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекеттік қызметтегі «А» корпусының кадрлық резервіне іріктеудің екінші кезеңі жүріп жатыр

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2014
  • 2578

Бір орынға сегіз үміткер. Мемлекеттік қызметтегі білікті басқарушылар тобы - «А» корпусының кадрлық резервіне іріктеудің екінші кезеңі жүріп жатыр. Сынаққа 792 үміткер қатысуда. Ал кадрлық резервке 100 орын ғана бөлінген. Сондықтан бәсекелестік жоғары. Бақ сынамақ болғандардың шамамен тең жарымы мүдіріп, "құлап" жатыр. Биылғы сынның былтырғыдан өзгешелігі не? Айгүл Әдепбай толықтырады. 

Биылғы сынақта былтырғыдай қарбалас жоқ. Дәл қазір мемлекеттік тілдің деңгейін анықтау тесті жүріп жатыр. Дегенмен былтырғыдан қарағанда өзгешелік бар. Мәселен, аудан «әкімдеріне жеңілдік жасалған. Он заңның екеуі алынып тасталған.

Тағы бір өзгеріс - логика мен біліктілік деңгейін анықтауға арналған сынақ австриялық компания көмегімен жетілдірілген. Өзгеріссіз қалған бір жайт қана: ол мемлекеттік қызметшілердің қобалжуы, күн-түн демей тынымсыз дайындық.

Амангелді Сопбеков, ОҚО политехникалық колледжі директоры:

Дайындалдық. 10 күн бойы қатты дайындалдық, күні-түні, соңғы күні ұйықтаған жоқпыз енді. Қобалжыдым, қобалжыдым.

"Дегенмен тест бағдарламасы өзгертілді", - дейді емтихан қабылдаушылар. Мәселен, тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелері Парламент пен депутаттардың мәртебесі туралы заңның орнына Бюджет кодексін жаттады.

Тесттің аяқталуына екі минут қалды.

А копрусының резервіне биыл барлығы 873 адам құжат тапсырған. Алайда сынаққа олардың 792-сі ғана жіберілді. Бұл былтырғыдан аз. Өткен жылы сынға 1787 адам қатысып, оның 1124 өткен еді. Яғни 62 пайыз. Ал биыл "құлап жатқандар" саны жоғары сияқты.

Әлихан Байменов, ҚР Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігі төрағасы:

Орташа нәтижесі алғашқы күндері жобамен 45 пайыз ғана өтуде. Яғни 55 пайызы орта есеппен өте алмай қалуда.

Өткен жылы мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанынанан 900-ден астам қызметшіден тұратын кадрлық резерв жасақталса, биыл жоғарғы корпусқа не бары 100 орын бөлінді. Ал элиталы топтан дәмесі барлар саны 800 жуық. Яғни бір орынға 8,5 адам таласуда. Сыннан сүрінбей, сол 100 орынға өткендер «А» копрусының резервіне қосылады. Яғни олар өткен жылы тест тапсырып, алайда лауазымды қызметке тағайындалмай, «ертеңгі күнге» сақталып тұрған адамдардың қатарын толықтырып, оларға бәсеке болады.

Жандос Сәрсенов, мемлекеттік қызмет персоналын басқару бөлімінің меңгерушісі:

Былтыр 940 адам А корпусының кадр резервіне алынды. 512 мемлекеттік әкімшімілік лауазымына тағайындалды. Қалған 400 адам резервте қалды. А корпусының кадр резервіне енді дегеннің өзі олардың А корпусындағы әкішілік лауазымға тағайындалады дегенге кепілдік берілмейді.

Яғни жоғарғы корпус резервіне өткен жылы өткен 400 жуық адам екі жыл резервте тұруға құқылы. 2 жылдан соң олардың орнын жаңадан таңдалған шенеуніктер басады. Резервтен мерзімінің аяқталуына орай шығып қалғандар қайта құжат тапсырып, тағы бақ сынай алады. Айта кетерлігі, кезекті сынақ 26 сәуірде аяқталады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ