Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық ерікті студенттер Көкпектіде тазалық шарасын ұйымдастырды

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2014
  • 1661

Қарағандылық ерікті студенттер Көкпекті кентіне келіп, тазалық шарасын ұйымдастырды. Ауылды су шайғалы екі апта өтсе де, қалыпқа келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Екі жүзге жуық еріктілер орталық көшені, саябақтар мен үй аулаларын тазалады. Олар ағаштардың түбін ақтап, шарбақтарды сырлады. Айтуларынша, ауылдан 40 тоннадай күл-қоқыс шығарылған.

Екі жүзге жуық техника жұмылдырылып, ауданның 33 ұйымы тазалау шарасына ат салысты. Келіп түскен әр өтінішке көмек қолын созған. Айта кету керек, жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері мұндай жәрдемді кент толықтай қалыпқа келгенше көрсете бермек. Өйткені келген шығын көлемі әлі белгісіз. Арнайы комиссия жұмысы жалғасып жатыр.

Нұрсұлтан Шайменов, Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ студенті:

Әрбір бос уақытымда келіп, Көкпекті халқына көмектесіп жатырмын. Өзімнің азаматтық борышым деп санаймын. Мында мен ғана емес, группаластарым, менен төмен курстағы балалар бар. Көптеген суденттер келіп, өз үлесімізді қосып жатырмыз.

Зардап шеккен ауыл тұрғындарына Қарағандының көптеген колледждері мен жоғарғы оқу орындары да жәрдемдесіп жатыр. Су шайып кеткен кенттің қалада оқып жатқан 19 студентіне оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер қарастырылыпты. Мәселен, медициналық колледждің ақылы бөлімінің үш оқушысы оқу орнын тегін бітіріп шығатын болды.

Алина Гайнуллина, Қарағанды қаласындағы медицина колледжінің студенті:

Колледжім көмектесті. Көп рахмет. Үйде әкеміз ғана жұмыс істейді. Сондықтан бұл жәрдем өте қажет еді. Енді мен алаңсыз оқуымды жалғастыра аламын.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ