Русский Сайттың толық нұсқасы

Кореялық паром бағытын күрт ауыстырғаннан суға кетуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2014
  • 1470

Кореялық паром бағытын күрт ауыстырғаннан суға кетуі мүмкін. Салдарынан тиелген жүк борттың сол жағына ауып, аударылған. Бұл туралы тергеу кезінде паром капитаны мәлімдеді. Алып кемеде салмағы мың тоннаға жететін 180 автокөлік пен контейнер болған. Қазір тірі қалған жолаушылардың наразылығына қарамастан іздеу шаралары тоқтап тұр.

Құтқарушылар 37 метр тереңдікте жатқан кеменің ішін тінте алмай отыр. Оған күшті ағыс пен лай су кедергі келтіруде. Ал хабарсыз кеткен жолаушылардың туыстары экпипаж мүшелерін салғырттығы үшін кінәлауда. Олар адамдарды қауіпсіз жерге көшіруді кешіктірген. Әйтпесе біразы аман қалатын еді дейді.

Ох Биюн Хван, жоғалып кеткен жолаушының туысы:

Басқа ата-аналар паромда тағы 15 адам бар деген смс хабарлама алған. Бірақ оларды құтқаруға үшін түк те бітіріп жатқан жоқ. Бәрі бір ғана уәж айтуда. Министрлер қайғылы оқиға болған жерде не істеп жүр? Келіп кеткеннен нәтиже шыға қоймасы анық.

Айта өтейік, кеше Оңтүстік Кореяда бортында 400-ден астам адамы бар кеме суға батып кетті. 180 адам құтқарылды. Өзгелерінің тағдыры белгісіз. Өйткені алып кеме тұтастай батып кетті. Кемеде болғандардың басым бөлігі оқушылар мен мұғалімдер. Олар Чеджу аралына 4 күндік сапарға аттанған екен. Алдын ала болжам бойынша, кеме су астындағы тасқа соғылған. Тірі жандардың бар екені белгілі болған сәттен 18 тікұшақ құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ