Русский Сайттың толық нұсқасы

"Нұр Отан" партиясының 15 жылдық мерейтойына орай "жайдарман" ойындары өтті

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2014
  • 3229

"Нұр Отан" партиясының 15 жылдық мерейтойына орай "жайдарман" ойындары өтті. Республикалық деңгейдегі шара еліміздің түкпір-түкпірінен ең таңдаулы құрамалардың басын қосты. Әзіл кешінде көңілді де тапқырлар командалары қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, әзілмен түйреді. Көрерменді күлкіге қарқ қылып, ойландырды. Жалпы саны 7 команда партия кубогі үшін ақтық сайысқа түсті. 

"Жайдарман" ойындары жастардың тұлға ретінде дамуына, тапқырлығын, талантын ашуға ықпалы зор. Осы ретте жастардың құлшынысын қолдап, көптің көзайымына айналған ойынды ары қарай дамыта беру маңызды. Бүгінде "Нұр Отан" партиясы көңілді тапқырлар ойынын өткізуді қолға алды. "Мақсат − жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізіп, ой-өрісін кеңейту", - дейді "Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов.

Нұрлан Сыдықов, "Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы:

Қоғамымызда болып жатқан көптеген оқиғаларды сын арқылы, оның ішінде әзіл-күлкі арқылы жеткізу - жайдарманның негізгі мақсаты. Оның ішінде, ең бірінішіден, шығармашылық жастарға қолдау көрсете отырып, олардың тұлға ретінде дамуына үлес қосатын бірден-бір шаралардың бірі. Міне өздеріңіз білесіздер, үстіміздегі жылдан бастап "Нұр Отан" жайдарман толығымен қолдау көрсетіп, ендігі кезекте жайдарман жаңа бір деңгейге шығып, өзінің жаңа көрермендерін табатын болады.

Жайдарманның ойындарын тамашалуға жиналған жастардың қарасы мол болды. Әзіл-шыны аралас тақырыптар арасында көбінесе қоғамдық мәселелер көтерілді. Әкім, шенеуніктердің қызметі, ауылдағы өмір мен қазақи ырымдар, шоу бизнес өкілдері туралы әзіл мен әжуа айтылды.

Әзілқойлардың бұл жолғы кездесуі де әр команданың өзіндік ерекшелігі мен стилін танытты. Ойын барысында командалар бір-бірінен аспаса кем түспеді. Жайдарманшылар халықты қыран-топан күлкіге бөледі. Әcіресе мына әзіл жастардың көңілінен шықты.

Есен Елеукен, "Қазақстан КВН одағының" президенті:

"Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" жастар қанатымен бірлесіп, ойындар жүргізіп жатырмыз. Осындай ұсыныс болды, партияның 15 жылдығына арнайы кубок, фестиваль жасау. Бұл жерде бір құпия айта кетейін, 1999 жылы қазақша КВН осы жайдарман сайыстары өз бастауын алған, "Нұр Отан" партиясы да сол жылы құрылған. Бұл әдейі бір сәйкестік сияқты.

Астарлы әзіл, заманға лайықты талғам көрсеткен жайдарманшылардың ойыны көрерменнің көңілінен шықты. Көрермен құрмет-қошемет түрінде толассыз қол шапалақтады. Әсіресе алыс аймақтардан келген командалардың әзілдері ерекше әсер қалдырды. Сайыс қортындысы бойынша Атырау облысы Қызылқоға ауданының "Сағыз" атты құрама командасы өткір әзіл мен ұтымды қалжыңмен ерекшеленіп, "Нұр Отан" партиясының кубогын жеңіп алды.

Жұрағат БАМАН