Русский Сайттың толық нұсқасы

Ескерткіштерді қорғау күніне орай Керекуде студенттер флеш-моб өткізді

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2014
  • 2383

Халықаралық тарихи ескерткіштерді қорғау күніне орай Керекуде ерекше шара ұйымдастырылды. 200 жуық студент қаланың көне бөлігіндегі даңғыл бойында флеш-моб өткізді. Ұлттық рухты көтеретін танымал әуендерге елтіп билеу арқылы белсенділер тарихи құндылықтарға деген өз құрметін білдірді.

Айта кету керек, Павлодар өңірінде 800-ге жуық мәдени мұра сақтаулы. Оның тең жартысы мемлекет қорғауына алынған.

Ұлттық рухпен жігерлену. Бүгінгі флешмобтың мақсаты осыған негізделген. «Кез келген ескерткіш не тарихи жәдігер - кешегі күннің жаршысы. Сондықтан оларды білу бізге міндет»,- дейді жас буын. Игі шара Халықаралық тарихи ескерткіштерді қорғау күніне орайластырылды.

Мәдина Сайдахмет, Б.Ахметов атындағы педогогикалық колледжінің студенті:

Біз өмізіміздің тарихымызды білмей, алға қарай жылжи алмаймыз. Қазіргі кездегі жастардың басты алға қойған мақсаты - ескерткіштерді танып, оларды сақтап баптау. Яғни келесі біздің болашақтағы ұрпақтарымызға.

Жалпы алғанда Керекуде 800-ге жуық мәдени мұра бар. Оның 316-сы мемлекеттік деңгейде қорғалады. Үш нысан республикалық маңызға ие. Археологиялық ескерткіштер де жетерлік. Соның бірегейі Ертіс өзені бойында орналасқан «Құс өткелі». Жағалаудан табылған қаңқалар неогендік дәуірге тиесілі екені анықталды. Сол себепті бұл палентологиялық ескерткіш әлем үшін құнды табиғат сыйы болып табылады.

Гүлнәр Нұрахметова, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры:

Осы орайда көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Бұл археологиялық қазба жұмыстары, бұл реставрация, реконструкциялар архитектуралық үйлерге жасалған. «Мәдени мұра» бағдарламасы тек қана біздің Қазақстанда бар. Сол бағдарлама бойынша көптеген жұмыстар жасалды.

Шара барысында жас буын тарихи ескерткіштерге қатысты мәліметпен танысты. Өлкетану музейінің қызметкерлері экскурсия өткізіп, белсенділердің сауалдарына нақты жауап беріп жатты. Айта кету керек, облыс орталығында ресми түрде 61 ескерткіш тіркелген. Оның 47-сі өткен күннен сыр шертер тарихи ғимараттар мен сәулет құрылымы.

Павлодардың Ленин көшесі тарихи ескерткіштерге тұнып тұрған аумақ. Мәселен, оң жағымдағы бұл ғимарат - Дернов есімді көпестің үйі болған. Ал сол жағымдағы қызыл кірпіштен соғылған мына нысан - бір кездері дүркіреп тұрған «Октябрь» зауыты. Айта кету керек, бұлардың дені 19 ғасырдың басында салынған. Бүгінде көбі мемлекеттік деңгейде қорғалуда.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ