Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-да соңғы төрт жылда жүзден астам жоба жүзеге асып, 35 ірі зауыт іске қосылды

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2014
  • 1454

Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы төрт жылда жүзден астам жоба жүзеге асып, 35 ірі зауыт жаңадан іске қосылды. Бұл еліміз үшін бәсекеге қабілетті өнім шығаруда бірден бір мүмкіндік. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруден де өңірдің жаңалығы баршылық. Алайда қиындықтары да жоқ емес. Өңірдегі ағайынның тыныс-тіршілігі мен қиындығы қандай? Айзада Төребекқызы баяндайды.

Мына шағын ғана цехта қарбалас тірлік. Санаулы жанның кәсібі де ерекше. 12 жанның қолынан күніне ерлердің 40-50 жұп аяқ киімі шығады. Табиғи теріден жасалғанымен, құны 4-5 мың теңге шамасында. Ал шикізатты Тараз қаласынан және Ресейден алдыртады. Тоқырау жылдарында тұралап қалған зауытты кәсіпкерлердің екі жылдан бері жандандырып келеді. Сұраныс да жыл сайын артып отыр. Дегенмен кәсіпті кеңейтуге кедергі болар мәселер де шаш етектен. Қаражат тапшылығынан тіпті басыбайлы ғимарат та жоқ.

Шухрат Хасанов, дайындаушы шебер:

Енді, әрине, үлкен бөлме болса, қаржы мәселесі шешілсе, әрі қарай дамытып, өзіміздің баяғы «Заря» фабрикасын жүргізу шығару бүкіл Қазақстанға. Біздің Шымкент қаласына абырой ғой, аяқ киім өзімізден шығып жатыр деп. Қытайдың аяқ киімінен гөрі.

Былтырғы жылы Шымкент қаласының өзінде 18 мың азамат жеке кәсібін ашыпты. Бұдан бөлек кәсіпкерлерді оқыту мектебі арқылы 10 мың жас кәсіпкер білімін жетілдіріп, 4 мыңы өз алдына кәсіп ашқан. Дей тұрғанмен ауыл шаруашылыққа басымдық берілген өңірде, ауылдық жердегі тұратындардың кәсібін ашып тұрмысын түзетуіне қолбайлау көп. Басты кедергі - несие берілмейді.

Ғазизбек Натбаев, ОҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Бүгінгі таңда банктер ауылдық жерлердегі, біріншіден, кепіл заттарды, жылжымайтын мүлікті кепілге алмайды. Сол себептен ауылдағы бизнесмендерге біршама қиындықтар туғызуда. Бірақ енді бұл мәселе бойынша біздің тарапымыздан бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Аймақта есесіне ірі кәсіпорындардың саны жылдағыдан артып келеді. Еліміздің елу пайызын дәрі -дәрмекпен қамтып отырған «Химфарм» зауытынан бөлек, «Шымкент цемент», «Мұнай өңдеу» зауыттарының қатарын индустриалды аймақ пен оңтүстік арнайы экономикалық аумақтағы кәсіпорындар толықтырған. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша соңғы төрт жылда 103 жаңа кәсіпорын жұмысын жолға қойды.

Сапарбек Тұяқбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Индустриаландыру картасына енгізілген жобалар әзіргі таңда 170 жобаға жетті. Бұл республикада ең жоғарғы көрсеткіш. Қазіргі көктемде де біз қосымша 47 жаңа жобаны енгізуді ұсынып отырмыз. Бұлардың ішінде өздеріңіз көріп келген кілем фабрикалары бар. Цемент зауыттары, тоқыма өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі бар және құрылыс материалдары.

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Оңтүстік Қазақстан облысында алайда еңбекақы өзге өңірлермен салыстырғанда біршама төмен. Орташа жалақы бойынша бұл өңір 14-орында.

Жасыратыны жоқ, «Шымкентте барлығы арзан» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ дүкен сөресіндегі күнделікті қолданатын азық-түлік тауарлары бағасында анау айқан айырмашылық байқалмайды. Астанада еттің келісі - 1200 теңге тұрса, макарон өнімі - 110 теңгеден болса, Шымкентте де осы шама. Ал көкөністің дені оңтүстіктен тасымалданатынына қарамастан, қызынақ пен қиярдың нарқы да бір деңгейде. 400-500 теңге. Айта кетейік, аймақ соңғы екі жылда бақша, көкөніс пен картоп жинаудан рекордтық көрсеткіш орнатқан болатын.

Нұрбек Бадырақов, ОҚО ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Теңгенің өнімі  экспортталып сырт мемлекеттерге. Экспорт көлемі 13 пайызға артып отыр.

Қалай десек те, Астана мен Алматы секілді Шымкент те ірі қалалар агломерациясына енгізіліп, заманауи урбанистік орталыққа айналады. Шымшаһарда халық саны келер жылы 1 млн-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Қазір қаланы жаңаша кейіпке ендіруде жұмыстар қолға алынған. Жоспар айқын - Шымкентті еліміздегі үшінші ірі мегаполиске айналдыру.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ