Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылықтар қоғамдық көліктің қозғалысын онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік алды

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2014
  • 1284

Қарағандылықтар қоғамдық көліктің қозғалысын онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік алды. Қалаішілік автобустарға GPS  бақылау жүйелері орнатылуда. Бұл жаңалық жолаушылардың аялдамаларда сарылып тұруын азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Үйдегі немесе ұялы телефондағы ғаламтор арқылы арнайы сайтқа кірсе болғаны, қаладағы барлық қоғамдық көлік алақандағыдай көрінеді. Бұл бастаманы жүзеге асырушылар белгілі бір бағытты таңдау, жүру уақыты мен қозғалу схемасын көрсететін қызметті де жасап қойған. Бұл жүйе әзірге Қарағандыдағы 10 тасымалдаушы компания мен 400-ге жуық көліктің басын біріктірген.

Әзірге бұл жаңашылдықтың игілігін ғаламтордың күнделікті қонақтары - жастар пайдалана алады. Ал аға буынға арнап болашақта әр аялдамаға ақпараттық табло орнатылмақшы. Автопарк басшылығы: "GPS  бақылау жүйесінің жақсылығын іске қосылған бірнеше күн ішінде байқап отырмыз", - дейді. Жүргізушілер мен кондукторлер тәртіпке көп көңіл бөлетін болған. Өйткені ғаламтор арқылы қадағалап қана қоймай, автобус бағытының кестені бұзғандарын дәлелдеуге де мүмкіндік туып отыр.

Азамат Иманбай, Қарағанды қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі:

Келесі аптада тағы бірнеше автобусқа GPS қондырамыз. Ай соңына дейін бұл жұмысты аяқтауымыз тиіс. Содан кейін аялдамаларға ақпараттық табло орнатуға кірісеміз.

Мансұр ЕСҚОЖИН