Русский Сайттың толық нұсқасы

7 мамыр күні қазақ армиясының бар қуатын паш ететін мерекелік шеру "Қазақ елі" алаңында өтеді

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2014
  • 1496

Отан қорғаушылары күніне арналған шеру биылғы жылы ерекше әсерлі болмақ. 7 мамырда жұрт назарына отандық әскери өндіріс шығарған техника паш етілмек. Салтанатты шеруде алаңға 250 бірлік әскери техника шығады, 56 бірлік авиациялық техника көкке көтерілмек. Сондай-ақ мерекелік шеруге үш мыңнан астам жаяу әскер жұмылдырылмақ. Толығырақ Жұрағат Баман тарқатады.

Мына әскери қалашықта еліміздің түкпір-түкпірінен келген әскери құрылымдардың сарбаздары орналастырылған. Жеке құрамның дәл осындай үй жайларында 40 жатын орын ұйымдастырылған. Сарбаздарға арналып тамақтанатын, киім үтіктейтін және кешкісін бос уақытын өткізетін орындар да қарастырылған.

Шерудің өзгешелігін айтар болсақ, онда көбінесе Қазақстанда жасалған әскери техника жұрт назарына ұсынылмақ. Бүгінде өңірлердегі әскери бөлімшелерден 250 бірлік техника Астанаға жеткізілген.

Қасымсерік Өмірбеков, әскери шеруге дайындық лагерінің штаб бастығы:

Басты басымдық сол біздің жеке құрамның саны емес, біз қазір әскери техниканың санын күшейтіп, әскери техниканың қуатын, күшін саны жағынан да, сапасы жағынан да сол қандай өндірілген техниканы жұрт назарына ұсынбақпыз.

Әскери шеруге дайындық күніне 4-5 сағатқа созылады. Сарбаздың сап түзеуі, жүріс-тұрысы, аяқ алысы қатаң бақылауда. Ал әскерилердің шеруіне құрамында 200 адамы бар оркестр сүйемелдеу жасауда.

Хайдар Қарағұлов, полковник, әскери шеруге дайындық лагерінің басшысы:

Тәуелсіз Қазақстан армиясының қуат-күшін, айбынын паш ететін бұл салтанатты шараға Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Республикалық Ұланның құрылымдары қатысады. Бүгінде әскери шерудің өтуіне 2 аптадай уақыт қалды. Әзірлік қызу қарқынды өтуде. Бәрі ойдағыдай болады деген үміттемін.

Салтанатты шеруге қатысатын сарбаздарға да қатаң талап қойылған. Республикамыздың әскери бөлімшелерінен ең үздік, бойы биік, еңсесі тік, жауырыны кең жігіттер іріктелген.

Мұрагер Ырысбаев, Алматы қаласы 25/744 әскери бөлімінің теңіз-жаяу әскери бригадасының сарбазы:

Біздің бригадада мың, мың жарым солдат бар. Солардың ішінен жүз солдатты, жақсы дайындықтағы сарбаздарды жинап алып, сенімді ақтайды деген ойда Астана қаласындағы шеруге жіберді.

Әскерилердің айтуынша, әзірліктің әлі де болса жетілдіретін тұстары бар. Ең бастысы - ел алдында жаңылмау керек. Қазақ армиясының бар қуатын паш ететін мерекелік шеру "Қазақ елі" алаңында 7 мамыр күні өтеді.

Жұрағат БАМАН