Русский Сайттың толық нұсқасы

Жетім балалар туралы ақпарат жинайтын ұлттық деректер базасы құрылмақ

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2014
  • 2189

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы ақпаратты бір жерге жинайтын ұлттық деректер базасы құрылмақ. "Бұл жағдай бала асырап алуды жеңілдетеді", - дейді Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева. Депутаттар бала құқығын қорғау туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынады.

Бала асырап алуда заңсыздықтар белең алып отыр. Ал жетімді бауырына басам дегендер саны азайып кеткен. Өткен екі жылда 400-ден астам сәби жаңа отбасын тапқан. Сәбилерді ақыл-есі дұрыс емес және сотталған адамдар да қамқорлығына алған фактілер тіркелген. "Ал жетімдер туралы ортақ ұлттық деректер базасы құрылса, көлеңкелі жайттар азаяр еді", - дейді жұмыс тобы өкілдері.

Дені сау баланы ауру деп көрсетіп, қазақстандықтардың асырап алуына кедергі келтірген жағдайлар да анықталды. Сөйтіп бөбектер шетелдіктердің қамқорлығына сатылады. 

Аружан Саин, «Милосердие» қоғамдық бірлестігінің директоры:

Жетім балаларға сау болса да, жиі жалған диагноз жазады. Кезекте тұрған қазақстандық асырап алушылар ол баланың ауруларын көріп, алмай кетеді. Сөйтіп, оны шетелге сатады. Мәселен, Бас прокуратура елімізде сал ауруына шалдыққан деп, шетелге жіберілген науқас баланың Америкада балетпен айналысып жүргенін анықтады. Яғни оның дені сау болып шықты. Бұл жемқорлық схемасы. Заңда ақаулар болғандықтан, оны, әрине, пайдаланады.

Бала құқығын қорғау туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, жетімдерді асырап алам деушілерге тиісті төлемдермен қатар, салықтық жеңілдіктер де қарастырылмақ. Бүгінде елімізде 36 мыңнан астам жетім бала тіркелген. Оның 10 мыңдайы балалар үйінде. Ал ұсынылып отырған заң жобасының түпкі мақсаты жетімдер үйінен біржола арылу. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ