Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан EXPO-2017 көрмесінде шетелдіктерді қазақтың ұлттық спорт түрлерімен таң қалдырмақ

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2014
  • 1082

Қазақстан EXPO-2017 көрмесінде шетелдіктерді қазақтың ұлттық спорт түрлерімен таң қалдырмақ. Атап айтсақ, 2017-де Астанада қазақтың көне жамбы атуы мен көкпар ойындарынан әлем біріншілігін өткізу жоспарланып отыр. Бұл жайында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті «Ұлттық ат спорт түрлерін жаңғыртуға» арналған семинар барысында айтты. 

Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Түбі ЭКСПО-ның кезінде 2017-де жамбы атудын халықаралық деңгейде әлем чемпионаты деп көздеп отырмыз, бірақ арық айтып, семіз шық демекші жариялап жіберу оңай болмас, бірақ осыған дайындалып жатырмыз.

Жиында ұлттық ойындарды бұқаралық спорт деңгейіне көтеру де сөз болды. Мәселен, асық ойыны. Оны заманға сай жаңғыртудың бір жолы ретінде, жердің үйкелісіне жақындатылған арнайы төсеніш көпшілікке таныстырылды.

Сондай-ақ әлемдік «жасыл» қозғалыстың көптеген сындарынан кейін көкпарға тартылатын серкенің пішініне де байқау жарияланған көрінеді. Алайда ұсынылған үздік пішіннің өзі мамандардың қатаң сынына ұшырады. 

Альберт Мүрсәлімов, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының әкімгері:

Серейіп жатыр екі қолы екі аяғы, қозғалуы қиын. Осының өзі ойын кезінде қиындық жасайды.

Жалпы семинардың ұлттық спорт ойындарына қосар жаңалығы көп дейді қатысушылар. Мәселен, «Ұлттық спорт ойындарын зерттейтін ғылыми кеңес» құрылмақ. Асық ату, теңге ілу, аударыспақтан ел чемпионаттарын өткізу мен "Жылқы өнері" мұражайын құру да сөз болды. Басқосудың соңы Наурыз мерекесіне ұласып, ұлттық қолөнер мен тағамдар жәрмеңкесімен жалғасты. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА