Алдағы қыркүйекте Көкпекті аулының тұрғындары су жаңа баспанаға
қоныстанады. Төтенше жағдайлар министрі осылай деп сендіріп отыр. Жағдайға
қанығу үшін Владимир Божко өңірге арнайы жұмыс сапарымен барды. Тасқын 51 үйді
жермен жексен еткен. Тағы 191 баспана жөндеуден өткізуді қажет етіп тұр.
Бүгінде инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Мөлдір
Бақытқызы тарқатады.
Руслан Ибраев - тасқыннан зардап шеккендердің бірі. Үш баласын апаттан әрең
құтқарып қалғанын айтады. Баспана мен дүние-мүлкінің сиқы мынау. Жиналған
«жылудан» отбасы киім-кешек пен азық-түлік алып үлгерді. Әкімдіктегілер
баспананы қалпына келтіруге құрылыс материалдарын бөлеміз деп уәде еткен. Енді
отағасы көмекті күтумен жүр.
Руслан Ибраев, Көкпекті ауылының тұрғыны:
Ұн берді, азық-түлік берді, балалардың киімін алдық. Ал матариал жағы, цемент
жағы, ештеңе берген жоқ.
Заттай көмек тұрғындардың қалауына қарай беріледі. Оны үлестіретін
көмекшілер қатарында жергілікті азаматтармен әлеуметтік қызметкерлер де бар.
Бүгінге дейін бас аяғы 16 тоннадай қажетті заттар таратылған.
Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының әкімі:
Гуманитарлық көмек 337 отбасына көрсетілді. Оның тізімі жасалған. Аз
қамтылған отбасы мен мүгедектерге ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Бүлінген үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге 500 миллион, жаңадан үй соғуға
тағы 300 миллиондай қаржы қажет. Мұндай соманы бөлуге облыс бюджеті қауқарсыз.
Сондықтан Үкіметтік қордан көмек сұрамақ. Зәре-құты қашқан тұрғындар жаңа
баспана өзен жағасынан алыс, биік төбешіктерге тұрғызылсын деп отыр. Ауылда
залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, су жүйесі қалпына келтірілді.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Мы уже к сентябрю постараемся построить все дома. Чтобы к холодам люди
въехали.
Ал апаттың шығу себебін анықтайтын комиссияның жұмысы тағы бір айға
созылды. Белгілі болғандай, Көкпекті су қоймасы коммуналдық меншікке өтеді.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ