Шеттен келген қандастарымыз бір жыл ішінде оралман мәртебесі мен Қазақстан
азаматтығын алатын болды. Бұрын олар тиісті құжатты 7 жыл күтетін. Енді процес
бір жылға қысқартылады. Жағымды жаңалықты Орталық коммуникациялар
қызметінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жеткізді.
Айтуынша, «Халықтың көшi-қон мәселелерi туралы» заңның кей тұстары қайта
қаралған соң, мұндай жеңілдіктерге қол жеткізу мүмкін болып отыр. Оралмандар
сондай-ақ қоныстанатын аймағын да өздері таңдай алады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Жұмыспен қамту мәселерін шешу үшін еңбек ресурстары дефицит болып отырған
региондарға тартуға әрекет жасаймыз. Жалпы қайсы регионға барам десе де, ол
қандастарымыздың өз еркі. Бірақ, егер де біз анықтаған еңбек ресурстарына
дефицит региондарға баратын болса, онда сол региондарға барған азаматтарға
қосымша әлеуметтік пакет берілетін болады.
Айта кетейік, баспасөз мәслихатына бірнеше министр келді. Орталық
коммуникациялар қызметі - ақпарат тарататын басты алаң. "Сондықтан Үкімет
отырысында берілген тапсырмалар бұдан былай осында хабарланып отырады",- дейді
атқамінерлер. Ал үкімет отырысының қай уақытқа дейін жабық есік жағдайында
өтетіні әзірге белгісіз. Министрілердің айтуынша, олардың шұғыл түрде шешілуі
тиіс өзге де шаруалары бастан асатын көрінеді.
Айгүл ӘДЕПБАЙ