Русский Сайттың толық нұсқасы

Нью-Йоркта қорғаушылар сот әділ шешім шығаратынына күмәнданады

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2014
  • 1087

Бостондағы жарылысқа қатысы бар деп айыпталған қазақстандық екі студент - Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжіаяқовтың ісіне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Олардың қорғаушылары сот процесін АҚШ-тың өзге штатына ауыстыруды қалап отыр. Мұндай өтініш Бостонның федералды сотына жолданды.

Адвокаттардың айтуынша, сот отырысы белгіленген Массачусетс штатындағы ақпарат құралдары Қадырбаев пен Тәжіаяқовтың есімін үнемі Джохар Царнаевпен байланыстырып отырған. Ал Царнаев терактіні жасады деп айыпталғаны белгілі. Сол себепті алқа билері қос қазақстандыққа оң қабақ танытпауы ықтимал.

Тергеу нәтижесі көрсеткендей, Қадырбаев пен Тәжіаяқов Джохар Царнаевқа тиесілі пиротехника мен ноутбук салынған дорбаның көзін жойған. Олар мұны Царнаевтың суретін жаңалықтардан көрген соң жасаған болуы мүмкін, - деген болжам жасалды. Егер қазақстандық студенттердің кінәсі дәлелденсе, олар 25 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы ықтимал.

Айта кетейік, Азамат Тәжіаяқовтың ісі қаралатын сот отырысына оның әкесі Әмір Ысмағұлов қатысатын болды. Айтуынша, сот процесі 30-шы маусымда басталады.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА