Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өзге пікір» айдары

  • AstanaTV
  • 07 мамыр 2016
  • 2300

Қазір Марат Ерназарұлы жүргізетін «Өзге пікір» айдары.

Ассалаумағалейкүм! Алматы зообағында өлім аузында жатқан жолбарысты қинауға болмайды. Яғни өлтіретін дәрі егу керек. Ресейлік ветеринар кесіп айтты. 

Тақырып: Жамалиевтің «жағдайы»

Ал алдымен Қайрат Жамалиев туралы мәлімет. Біздің арнананың тілшілері экс-кәсіпкер отырған түрмені түсіруге рұқсат алды. Түзету мекемесінің басшысы оның тәртіп бұзбағанын және әр түрлі  мәдени-спорттық шараларға белсене қатысатынын айтты. Тіпті Қайрат Жамалиевтің жеңілдетілген режимге ауысу мүмкіндігі бар екен. Аты-шулы кәсіпкердің темір торға қамалғанына 4 ай. Осы уақытта оған екі рет туыстарымен кездесуге рұқсат етілген. Екеуінде де оған заңды некедегі әйелі Алена Жамалиева келіпті. Астаналық бизнесмен Алматы облысындағы қатаң режимдегі колонияда отыр. Естеріңізде болса, 46 жастағы Қайрат Жамалиев былтыр 13 жылға сотталған еді. Әліби есімді жігітті ұстап әкетіп, қорлағаны үшін. Азаматтық некедегі әйеліне көз салды деп... Ал оның кәмпескеленген «Lamborghini» көлігін өткен аптада аты аталмайтын Ақтөбенің бір байы  30 млн теңгеге сатып алған еді. Сол көлік тиелген эвакуаторды ақтөбеліктер суретке түсіріп алған. Шұрық-тесік көшелермен астыңғы жағы жерге тиердей спорт-кардың қалай жүретінін, дәлірегі жүре алмайтынын білетін жұрт, машинаны эвакуатордан түсірмеуді айтып, ащы мысқылдайды.  

Kizimbaev Аbai:

Тек қана эвакуатордың үстінде жүре ме екен?)))

Айбек Уайысбаев:

Біздің жолдармен осылай ғана жүруге болады!

аноним:

Оған өте көп мерзім берді. Іс бойынша ақша бопсалады деген айыптардың дәлелі өте аз болды.

аноним:

 Осы Жамалиевті жақтайтын адамдарға қарным ашады. Осындай оңбаған қарақшыға жандарың ашып, неменеге шашыласыңдар? Әліби болсын- болмасын, қарақшылықпен тапқан дүниесіне жандарың аши ма, әлде оның моральдық кейпін адамға лайық деп табасыңдар ма, немесе өздерің де сондай оқиғаның талайын бастап кешіп жүрген қылмыскерсіңдер ме, түсінбеймін...

Крид:

Адам ұрғаны үшін қатаң режимдегі колонияда 13 жыл. Бұл өте күдікті іс. Мүмкін біреуге кедергі жасаған шығар...

Тақырып: Құралайдың қиналысы... 

Ал Алматы зообағында өлімші халге жеткен Құралай атты жолбарысты құтқару мүмкін емес. Арнайы шақыртылған Мәскеу зообағының бас ветеринары Михаил Альшинецкийдің пікірі. Ол жануардың қатты қиналып жатқанын айтты. Жолбарыстың денесі тесіліп, бірнеше жерден ойылып қалған. Оның тамақ жеуге әлі жоғын айтқан ресейлік маман жануарды өлтіретін дәрі егуге кеңес берді. -Бұлай қинағанша ең дұрыс шешім эвтаназия,- деп кесті, көрші елдің ветеринары. Ресейлік дәрігер отандық мамандардың жануарды емдеген әдістеріне таңқалды. Оның айтуынша, екі айдан бері жолбарыстың қанын ешкім тексермеген. Зерттеулер жүйелі жүргізілмеген. Есесіне аңды «оқылған» сумен бір емші емдеген көрінеді. Ал зообақ басшылары, «Құралай тәуір болып келеді» деуден танар емес. «Бәрі жақсы болатын» көрінеді...

аноним:

Кімнің кінәлі екенін білмеймін. Бірақ айтарым, бұл диагноз біздің қоғамға қойылды. Мұндай жағдай білім беру, денсаулық сақтау салалары мен өзге де стратегиялық маңызды бағыттарда байқалады. Бұлай жалғаса берсе, қазба байлықтар таусылған кезде, бізді мемлекеттілігі қағаз жүзінде ғана қалған банан елге айналдырып жібереді. Африка елдеріндей боламыз...Әлі де уақыт бар...

аноним:

Ал әкімдік неге үнсіз отыр? Зообақтың жерін сатуды көздеп жүрген болар.

аноним:

Осы зообақты жабыңдаршы! Аңдарды қинауды тоқтатыңдар! Олардың орны жабайы табиғатта. Ал балалар интернеттен де көріп алады.

Әсел Серікбаевна:

Несіне қинайсыздар?! Мен Шымкенттенмін. Біздің зообақтағы аңдардың барлығы арық, сасық. Оларға бостандық керек. Мысалы, арыстандар мен жолбарыстарға жүгіру керек. Адамдар қалай ғана оларға қарап, мәз болады? 45 градус ыстықта оларға тіптен қиын. Барлық хайуанаттар бағын жабу керек!!!

аноним:

Емші «оқылған» сумен емдеп жатса, мәскеулік дәрігерге жүгінгеніміз дұрыс шығар. Біздегі дипломдарын сатып алған ветеринарлардың қолынан не келеді. Ал байғұс аңдар өліп жатыр. Оның қандай жағдайда ұсталғанын қараңдар. Тордың іші лас, астына не төселгені белгісіз. Су құйып қойған ыдысын қараңыз. Қандай дамыған елде бар мұндай? Алдымен жауапкершілігі жоқ, өз пайдасын ғана күйттегендерден арылу керек. Ал «ағашкалар» мен «тәтешкалар» тұрғанда, барлық жерде осындай былық болады!

Ал сіз пікір білдіруден шаршамаңыз! «Өзге пікірге» сіздің пікіріңіз керек!