Русский Сайттың толық нұсқасы

Құрлықтық хоккей лигасында "Лев" және "Металлург" командалары "Гагарин" кубогы үшін жарысуда

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2014
  • 1139

Хоккей маусымы жалғасуда. Құрлықтық хоккей лигасында "Лев" және "Металлург" командалары "Гагарин" кубогы үшін таласып жатыр. Ресейдің жоғарғы лигасында Қарағандылық "Сарыарқа" мен Түмен қаласының "Рубин" клубтары "Братина" кубогынан дәмелі. Самат Қанағатов тарқатады.

"Братина" кубогы жолында сынға түсіп жатқан Қарағандының "Сарыарқа" командасы жалпы серияда 2-1 есебімен алға шықты. Бұған дейін Түмен қаласында екі кездесу өткізіп, 1-1 есебімен тең түскен командалар үшінші жекпе-жекте "Қарағанды Арена" спорт кешенінде өткізді. Клуб тарихында үшінші мәрте финалға шығып отырған "Рубин" клубы кездесуді ширақ бастап, бірінші болып есеп ашты. Айдын иелері қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланған Денис Сандер есеп ашты. Бұл шайбадан кейін шабыттанған Мисхат Фахөрутдиновтың шәкірттері алғашқы үзілістен кейін есепті еселеді. Бұл сәтте мергендігімени танылған Максим Зюзякин мүлт кетпеді.

Бір айта кететін жәйт. Бұған дейін екі спортшы қосалқы саптан орын алып, ойынға тыңнан қосылды. Қысқасы, алғашқы екі ойынға қатыспағанына қарамастан, шабуылшылар бапкер сенімін ақтады. Дегенмен, Ресейлік ұжымның қуанышы көпке созылмады. Қарымта шабуылға шыққан Душан Грегордың шәкірттері соңғы үзіліке дейін есепті теңестіріп кетті. Алдымен Константин Макаровтың қанжығасы майланса, артынан Кирил Лебедев қонақтар қақпашысы Сергей Хорошунды қапы қалдырды. Кездесудің негізгі уақытында жеңімпаз анықталмағандықтан, ережеге сәйкес овертайм тағайындалды. Бұл сында сан басымдығына ие болған "Сарыарқа" командасы мүмкіндікті мүлт жібермеді. Қақпа алдында қарбалас сәтті ұрымтал пайдаланған Олег Ломако командасына жеңіс сыйлады.



Испанияның Барселона қаласында теннистен халықаралық турнир басталды. Дәрежелі жарыста сынға түсіп жатқан Жапония спортшысы Кей Нишикори екінші айналымға жолдама алды. Бірінші кезеңде Күн Шығыс елінің теннисшісі Испания спортшысы Роберто Баутиста Агутпен кортқа шықты. Алғашқы екі сет қортындысы бойынша бірін бірі ала-алмаған спортшылар жеңімпазды үшінші сетте анықтады. Бұл аралықта шабуылда тура соққылармен ерекшеленіп, қорғаныста қателікке бой алдырмаған Нишикори кездесу жеңімпазы атанды.

Келесі ойында Томми Робредо Австралия спортшысы Маринка Матосевичпен ракетка түйістірді. Кездесу басынан бір қалыпты өнер көрсеткен Испания спортшысы ұпай санын түгендеді. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Матосевич келесі кезең жолдамасынан құр қалды.

Самат ҚАНАҒАТОВ