Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда "Сарыарқа" командасы Түмен қаласының "Рубин" клубына 4:2 есебімен жол берді

  • AstanaTV
  • 24 сәуір 2014
  • 1709

Шайбалы хоккейден "Братина" кубогы жолындағы жарыс жалғасуда. Қарағанды қаласында өткен төртінші кездесуде "Сарыарқа" командасы Түмен қаласының "Рубин" клубына 4:2 есебімен жол берді. Жалпы есеп теңесті. Екі команда арасындағы 5-ойын 26 сәуір күні Түмен қаласында өтеді.

Мамыр айының 9-ы мен 25-і аралығында Беларусь астанасы Минск қаласында шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің үздік командалары жиналып, екі топқа бөлініп сынға түседі. Қазақстанның ұлттық құрамасы Финляндия, Ресей, АҚШ, Швейцария, Латвия және Беларусь командаларымен бәсекеге түседі. Қарсыластардың барлығы мықты. Дегенмен, Ари Пекка Селиннің шәкірттері өздеріне жүктелген тапсырманы орындауға дайын.

Вадим Краснослободцев, Қазақстан құрамасының шабуылшысы:

Әлем чемпионаты біз үшін сәтті болады деп үміттенемін. Құрама ойыншыларының басым бөлігі "Барыс" клубында өнер көрсетті. Өздеріңіз көргендей, команда биыл сауатты ойнымен көзге түсті. Сондықтан өзімізге жүктелген тапсырманы орындаймыз деген жоспарымыз бар. Барлығы өз ойнымызға байланысты.

Биылғы әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы мықты құраммен барады. Дегенмен, жарақат алған спортшылар бар. Қақпашы Виталий Колесник пен қорғаушы Юрий Сергиенко әлем чемпионатына қатыспайды.

Алдағы екі күн Астанада жаттығатын Ари Пекка Селиннің шәкірттері 27 сәуір күні Италияға аттанады. Бұл сында отандастарымыз алдымен Италия артынан Франция құрамасымен жолдастық кездесулер өткізеді. Әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуін Қазақстан хоккейшілері 10 мамыр күні Германия командасына қарсы өткізеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ