Шымкентте жарылыс жасады деген айыппен
бүгін тағы бір күдіктіге сот үкім кесті. 20 жастағы жігіт Чапаевка
елді мекенінде «өткен жылдың қыркүйегінде бір үйге жарылғыш зат қойды» деп
айыпталған.
Әбсаттар Шахидинов, ОҚО қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
Сот үкім етті. Өмірбаев Жандос
Алтынбековичті ҚР ҚК-нің 104 бабы 1 бөлігімен, 251 бабы 1 бөлігі және 259
баптың 1 бөлігімен кінәлі деп тауып, ҚР ҚК-нің 58-бабын пайдалана отырып
аталған баптарды ішінара қосу арқылы жалпы 6 жылға бас бостандығынан айырылсын.
Жазаны жалпы режимдегі түрмеде өтейді деп белгіленсін.
Айыпталған Жандос Өмірбаев Шымкентте
соңғы екі жылда орын алған 12-жарылысқа қатысы бар деген күдікпен өткен жылдың
қарашасында қамауға алынған. Сот барысында келтірілген дәйектерге сүйсенсек, ол
бұған дейін қамауға алынған үш күдіктіден назарды өзге жаққа аудару үшін
осындай әрекет жасаған көрінеді.
Ел "Чапаевка" атап кеткен Оңтүстік елді мекенінде осыдан бес ай бұрын болған жарылыстан 23 жастағы келіншек аяғынан
ауыр жараланды. Ол аулаға кірер қақпа астына жасырылған жарылғыш затты басып
өткен сәтте қолдан жасалып, табалдырыққа көмілген белгісіз зат жарылып кеткен
болатын.
Айта өтейік, наурыз айының соңында криминалды аудан саналатын осы
аумақта жиілеп кеткен жарылыстарға қатысы бар деген күдікпен тағы үш адам
сотталғанын еді.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ