Шымкент зообағы жануарларының қатары
тағы бір аңмен толықты. «Қызыл кітапқа» енген амур жолбарысы жеткізілді. Зообақтағылар он бір айлық шеріні Молдавияның «Кишинев» зообағынан
алдыртыпты. Оны «Сақалтай» деген жыртқыш құсқа айырбастаған.
Мысық тұқымдастарға
жататын жыртқыш аңға «Бек» деп ат та қойылды. «Бек» мамырдың 20-да бір жасқа
толады. "Қолға үйренген, момын, ешкімді жатырқамайды", - дейді жолбарысты
күтушілер.
Айта кетейік, хайуанаттар бағында амур жолбарысының «Мая» және
«Жеңіскүл» атты тағы екі аналығы бар. Зообақ басшысы аталық жолбарысты соңғы
бес жыл бойында күткендерін айтады. Енді «Қызыл кітапқа» енген «Амур»
жолбарыстарынан таза қанды аң аламыз деген сенім бар. Өйткені ел аумағындағы
хайуанаттар бағында амур жолбарысы болғанымен олар «Бенгаль» және «Үнді»
жолбарыстарымен қаны араласып кеткен дейді зообақ мамандары.
Сейдулла Жұбаев, Шымкент зообағының
директоры:
Амур жолбарысы таза қанды болғаны
бізде бұл халықаралық зообақтарда өте сұранысқа ие бұл жолбарыстар. Оны кейін
бізге қажетті, егер балаларын алсақ, кейін кез келген зообақпенен басқа қажетті
аңдарға ауыстыруға оңай, біздің «тірі валютамыз» сияқты болады зообақтың.
Зообақта қызметкерлерінің
жаңалығы мұнымен бітпейді. "Астана" атты керікке жақын күндері
қалыңдық әкелінбекші. Бұдан бөлек жан-жануарларлардың қатары күзге дейін тағы
толығады деп отыр.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ