"Украинадағы Славянскте ұрысқа қатысушы жасақтар арасында қазақстандық
еріктілер жүр" деген ақпаратты еліміздің Сыртқы істер министрлігі жоққа
шығарды. Дегенмен ведомствода құзіретті органдармен бірлесіп, азаматтарымыздың
бар-жоғын анықтамақ.
Айта өтейік, Украина билігі елдің солтүстік - шығысындағы
Славянск қаласына қарулы күш жіберді. Мұндағы жергілікті жұрт ереуліге шығып,
үкімет ғимараттарын басып алған болатын. Киев олардың бұл әрекетін сепаратизмге
балап, өңірде терроризмге қарсы операциялар жүргізіп жатыр.
Америкалық Time
басылымы Украина қарулы күштерімен қарулы қақтығысқа барған ерікті жасақтардың
құрамында бұрынғы Кеңес одағының азаматтары, оның ішінде қазақстандықтар да бар
деген ақпарат жариялаған.
Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:
Таратылған ақпаратта еріктілердің азаматтығын куәландыратын құжаттардың
немесе адамдардың нақты есімдерінің жоқ екенін атап өтеміз. Осыған орай бұл
ақпаратты тексеру мүмкін болмай отыр. Бұл ақпаратты негізсіз деп санаймыз.
Бірақ дегенмен, біз құзыретті органдармен бірлесіп, аталған ақпаратты
тексеруге тырысып жатырмыз.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА