Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада Еуразия медиа форумы жұмысын жалғастырды

  • AstanaTV
  • 25 сәуір 2014
  • 1246

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Еуразия медиа форумы өз жұмысын бүгін де жалғастырды. Жиын мәжілісі төрткүл дүние көз тіккен Украина дағдарысымен басталды. Спикерлер де осал емес, Ресейдің масс медиа өкілі Максим Шевченко бастаған Грузия, Түркия, Сербия, Армения және Әзірбайжанның сарапшылары сөз тізгінін алды. Елордада өткен он екінші ауқымды пікірталас алаңында Базаркүл Отыншиева да болып қайтты.

Екінші күні талқыға түскен тақырыптар маңыздылығы жөнінен алғашқы күнгіден артық болмаса, кем емес. Өзіміз өмір сүріп жатқан құрлықтағы мемлекеттердің экономистері мен саясаткерлерінің аузынан түспей жүрген "Еуразиялық интеграция" тақырыбы қозғалды бүгін. Экономикалық төңкеріс бола ма? Ортақ валютаға көшеміз бе? Осы және осыған ұқсас сауалдарға жауап табуға тырысқан сарапшылар қызылкеңірдек болды. "Мылтықсыз майдан", яки Украина шиеленісі төңірегіндегі "Ақпараттық соғыс" тақырыбы да қамтылмай қалмады.

ТМД аумағында бірыңғай экономикалық кеңістік құру ұсынысын аттай 20 жыл бұрын Қазақстан президенті жасады. Содан бері бұл бастама тоқтаусыз талқыланып келеді. Астана форумы осы одаққа жаңа елдер тартудың нақты шарттары мен әдістерін енгізу мәселесін көтерді. Еуроодақты мысал ретінде келтіре кету де ұмыт қалған жоқ. Аты дардай одақ құрамындағы кей елдер бүгінде "өлместің күйін кешіп отыр". Еуразиялық одақ мұның "кебін кимей ме" деген мәселе де шықты күн тәртібіне.

Ғаділбек Шалахметов, халықаралық теледидар және радио академиясының академигі, Қазақстан:

Ол бізге керек нәрсе, бірақ алдымен келісіп алу керек нақтылап, Армения, Әзірбайжан, Түркия - егер Еуразия одағы болса, олармен не болады деген мәселені де ашып алу керек. Еуразиялық парламент дейміз, сол құрылымға да, мәселен, Ресейден қанша адам мүше болса, анау шағын мемлекеттен, мәселен,Тәжікстаннан да сонша адам сайлану керек. Бірақ Ресей мұны ойлап отырған жоқ.

Еуроинтеграция дегенде, Украинаны айналып өту мүмкін емес. Бұл елдегі қайғылы оқиғалар мен Қырымдағы жағдайға форумды ашу барысында басты ұйымдастырушы айрықша тоқталған. "Сауда-саттықтағы сенімді серіктесіміз Украинаға алаңдаймыз. Байланысымыз сан-салалы. Бұл оқиғалар бізді толғандырмай қоймайды", - деген-ді Дариға Назарбаева.

Осы ретте "текетіреске түскен тараптардың түпкі мақсаты", "Қырымға қатысты үміт пен үрей", "Бұл әдісті достастық құрамындағы өзге елдерде қолдану қаншалықты мүмкін?" деген салмақты сауалдар ортаға тасталды. Әлбетте, масс медиа марқасқалары "ақпараттық соғыстың" тасасында көп нәрсе қалып кеткен жоқ па дегенге көбірек ойысты.

Владимир Варфоломеев, "Эхо Москвы" радиостансасы бас редакторының орынбасары, Ресей:

Қырымда, Украинада және Ресейде де жағдайды жан жақты көрсетуден аянып қалған журналисті көрмейсіз. Жуырда өткізілген сауалнама біздегі халықтың 60 пайызының телеарналарда айтылғанға сенетінін көрсетті. Бірақ тағы бір шындық бар. БАҚ кей ақпарды "жабулы қазан" күйінде қалдырса, енді бір ақпарды көпе көрнеу бұрмалап та жатыр.

Дмитрий Полонский, ақпарат және бұқаралық коммуникация министрі, Қырым республикасы:

Ақпараттық майдан жүріп жатыр, жағдайдың сипатына қарай түрлі тарап жеңіске жетуде. Нақты айтсақ, Қырымдағы оқиға бойынша ақпараттық соғыста біз жеңіске жеттік деп білемін. Жалпы, журналист атаулының басты қаруы обьективтілік болуы тиіс қой, тек сол құрғыры көбінде сақталмай жатады.

Форумның халықаралық саяси жағдайлар күрделі сипат алған тұста өткізілуі бұл жиынға өзінше саяси реңк берді. Сондықтан да болар, "мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамын" дегендей, төрткүл дүниенің түкпірінен жеткен сарапшылар көкейдегі күпті ойды жеткізуде аянып қалмады.

Дархан Қалетаев, "Самұрық-Қазына" ҰӘАҚ басқарушы директоры, Қазақстан:

Дау дамайға барып, талай градусы жоғары әңгімелер айтылды кешеден бері, мен ойлаймын, мұндай әңгімелер осындай алаңдарда айтылуы керек, журналистер көптеген сұрақтарына жауап тапты деп ойлаймын.

ХII Еуразиялық медиа форум осылайша талай түйіні тарқатылмаған мәселелерді шешуге шама шарқынша үлес қосты.

Базаркүл ОТЫНШИЕВА