Астанадағы «Көркем» тұрғын үй
кешенінде болған апатта жарақаттанған құрылысшыларға өтемақы төленбек. Бүгінде
зардап шеккен 12 жұмысшы ауруханада ем қабылдауда. Біреуіне ота жасалды. Ал
қалғандары үйлеріне қайтарылды.
Еске салайық, бүгін таң сәреде
"Көркем" кешенінің құрылыс алаңында көлемді металл конструкциясы
опырылып, 18 адам түрлі жарақат алды. Оқиға салдарын жоюға төтенше жағдайлар
департаментінің 4 негізгі және 1 қосымша техника бірлігі, бұған қоса жеке
құрамның 37 адамы жұмылдырылды.
Аягөз Фазылова, Астана қаласы
төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
Бүгін таңертең 8 ден 57 минут
кеткенде "Көркем" тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында металл
құрылыстарының құлауы туралы хабар төтенше жағдайлар департаментіне келіп
түсті. Оқиға орнына құтқарушылар келіп жеткен кезде, үйінділердің арасында 4
адам қалып қалғандығы анықталды. Құтқарушылар оларды үйінділер арасынан алып
шықты. Оқиға орнында 5 жедел жәрдем қызметі қызмет атқарып, адамдарға көмек
көрсетті. Алдын-ала мәліметтерге сүйенсек, 18 адам жарақат алды. Опат болғандар
жоқ.
Апатқа байланысты бүгін «Айбын
Құрылыс» компаниясы жазбаша түсініктеме берді. Серіктестіктің пайымдауынша, құлаған құрылыс ағаштары жаңа болған. Тіпті тиесілі құжаттары да бар көрінеді.
Құрылыс компаниясының басшылығы үйдің қасбетіндегі жұмыстарға жұмылдырылған
ұжым толықтай қауіпсіздік нұсқамаларымен танысқан деп ақталды. «Апатты
жағдайдың себеп-салдарын құзыретті органдар тексеріп жатыр. Жақын арада
хабарлайды. Құрылыс компаниясының басшылығы зардап шеккендерге және
отбасыларына тиісті материалдық көмек көрсетеді», - делінген ақпарда.
Жұрағат БАМАН